Ресейдегі Қазақтар: тарихи очерктер

Посткеңестік кеңістіктегі ықпалдасу процесіндегі Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының даму қарқыны, мәселелері мен жетістіктері екі мемлекет пен ұлттың өзара қатынасының тарихи тәжірибесіне көз салуға жетелейді және заманауи этникааралық әрі мәдениаралық диалогты сараптауды талап етеді.

Осы орайда Ресейдегі қазақтардың тарихы зор ғылыми әрі тәжірибелік қызығушылық тудырады.

Қазақстан –тарихы мен мәдениеті тереңде жатқан ел. Еуразия жүрегінде орналасқан Қазақстан көне өркениеттер қиылысында, Шығыс пен Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік, Еуропа мен Азия арасындағы көлік күре жолдарының, әлеуметтік және экономикалық, мәдени және идеологиялық байланыстардың торабында, еуразиялық құрлықтың ірі мемлекеттік құрылымдары арасында алып мекенді алып жатыр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты сауда және дипломатиялық байланыстар ХVI ғасырда орын алды. Қазан және Астрахан хандықтары Ресейдің құрамына кірген соң Ресей мемлекетінің шекаралары қазақ көшпенділеріне мейлінше жақындады. ХVI ғасырдың екінші жартысында қазақ хандарының Мәскеумен Сібірдің «патшасы» Күшім ханға қарсы күресте одақтасу факті атап өтіледі. Сібір Ресей мемлекетінің бөлігі болған соң Қазақстан-Ресей шекарасы Ресейдің басқа елдермен ең ұзын шекарасына айналады.

XVII–XVIII ғғ. жоңғар көшпенді тайпалары Қазақ хандығына қарсы кең ауқымды соғыс жариялайды. Өз тәуелсіздігін сақтау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазақ хандары сол тұста шекарасын шығысқа ұластырған Ресей империясынан әскери қорған іздеуге мәжбүр болады.

ХVIII ғасырда Қазақстан-Ресей шекарасы маңында белсенді сауда қатынастары дами бастайды. Орынбор өңірін зерттеген зерттеуші П.Рычков Кіші Орда Ресеймен сыртқы саудадасын Орынбор және Троицк бекіністері арқылы сәтті жүргізіп отыр деп атап өткен. 1822-1824 жж. Сібір және Орынбор қазақтары туралы жарғылар Қазақстандағы хандықтың жойылуына алып келеді. Нәтижесінде көптеген сұлтандар ресейлік қызметке тұра бастады.

Поволжье, Орал және Батыс Сібірге қазақтардың аймақтық жақындығы қазақтар мен Ресейді мекендеген халықтар арасында тығыз байланыстардың орнауына әсерін тигізді. Орыс шаруалары және Урал жұмысшылары, татарлар және башқұрттармен бірге қазақтар Емельян Пугачевтің басшылығымен болған Шаруалар соғысына қатысады.

XVIII ғасырдан бастап солтүстік және шығыс Қазақстанға орыс казактары мен шаруалары көшіп келе бастайды. Әсіресе жер аударғандардың саны столыпиндік реформа жылдары тіптен көбейеді. Қазақстанды жалпыресейлік экономикалық байланыстарға қосу оның аумағындағы өнеркәсіптің дамуына, ұлттық буржуазияның пайда болуына алып келеді. Сол уақытта кедейленген, жерлері мен малдарынан айрылған қазақтардың саны артады.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтар Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алады. Қазақтардың басым бөлігі Орынбор гимназиясы мен омбылық өзге оқу орындарында оқыды. Омбы училищесінде ақмолалық және семейлік қазақстарға стипендиялық квоталар да қарастырылады.

Бірқатар қазақ жастары Санкт-Петербург университетінде білім алады. Петербордағы қазақ студенттерінің күшімен «Жерлестер» ұйымы құрылып, онда қазақ ұлтының мәселелері талқыланады. Қазақ студенттері мәдени-ағартушылық шараларына да белсене қатысады. 1898 жылы Петерборда қазақ зиялыларының кездесуі өтті.

Көптеген қазақтар Қазан университетінде білім игерді. Ресейдегі оқу орындарын тәмамдаған қазақ жастарының көбі қазақ қоғамының зиялы қауымы мен саяси элитасын қалыптастырды.

Ертеден қазақтардың ауқымды бөлігі Ресейдің түрлі аймақтарына шоғырландырылып, сонда шағын топ ретінде қоныс тепті. XIX ғ 30 жылдарынан бастап қазақ топтары Алтай тауларына қоныстандырыла бастады. 1917 жылға қарай Алтай тауларының оңтүстігінде 2000ға жуық қазақтар өмір сүрді. Бірлігі бекем, өзара көмекке дайын, жеті атасын құрметтеген терең тамырлық байланыс негізгі этникалық шоғырдың сақталуына, жаңа мекенді еркін жайлауға негіз болды.

2021 жылғы халық санағы бойынша Ресей Федерациясындағы қазақтардың саны 591 970 адамды құрады. Ресей қазақтарының көпшілігі қазақ-ресей шекарасында тұрады. Ең көп қазақтар Астрахан (143 717), Орынбор (107 734), Омбы (69 407) және Саратов облыстарында (64 065) тұрады.

Ресейдегі белгілі қазақтар

  • Жәңгір-Керей-хан — Бөкей ордасының ханы, орыс армиясының генерал-майоры.
  • Губайдулла Джангиров — Ресей патшалығының Пошта және байланыс министрі. Ресей байланыс әскерінің негізін қалаушы.
  • Аман Төлеев — ресейлік саяси және мемлекеттік қайраткер, Кемерово облысының губернаторы.
  • Николай Майданов — полковник, бір мезгілде Кеңес Одағының Батыры және Ресей Федерациясының Батыры атағын алған төрт адамның бірі және екі атақ та ұрыс алаңдарындағы ерлігі үшін берілген жалғыз адам.
  • Серік Сұлтанғабиев — офицер, Ресей ІІМ ішкі әскерлерінің полковнигі. Ресей Федерациясының Батыры.
  • Тимур Бекмамбетов — кинорежиссёр, продюсер.
  • Наталья Орынбасарова — актриса.
  • Эльдор Уразбаев — Кеңес Одағының және Ресейдің кинорежиссёрі, сценарист және продюсер.
  • Алтынай Асылмұратова — Мариинский театрының балеринасы, Ресей Федерациясының халық әртісі.
  • Азамат Мұсағалиев — комедия актері («Интерны», «Однажды в России»), «Сборная Камызякского края» КВН командасының капитаны.
  • Бари Алибасов — музыкант, музыкалық продюсер, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі.
  • Ерік Құрманғалиев — опера әншісі және актёр, КСРО бірінші контртеноры.
  • Байғали Серкебаев — музыкант, продюсер, сазгер. «A’Studio» тобының негізін қалаушы және мүшесі.
  • Тотан Кузембаев — 80-90 жж. ресейлік архитектор, Мәскеу облысының Зеленоград қаласын жоспарлаған.

Шәкерімнiң жазғандары

Шынында, олар кімдер еді? Олар негізінен XIX ғасырдың соңы, XX ғасырдың басында патшалық Ресейдің Петербор, Мәскеу, Саратов, Омбы, Томск, Орынбор, Уфа, Қазан, сондай-ақ, шетелдің Каир, Стамбұл, Варшава тәрізді үлкенді-кішілі қалаларында жоғары зайырлы және діни, арнайы кәсіптік орта оқу орындарын бітірген алғашқы қазақ оқығандары болатын. Жалпы, қазақ қоғамында тұңғыш ұлттық интеллигенция мен саяси элитаның құрылып қалыптасуы да тағдыр жазып тікелей солардың пешенесіне бұйырған-тын. Бірақ та бұл тарихи миссияны атқару оңайға түскен жоқ. Қазақ оқығандары отаршыл Ресейдегі үш дүбірлі саяси оқиғаны – 1905 жылғы бірінші орыс революциясы мен 1917 жылғы ақпан, қазан революцияларын, оған қоса кеңес өкіметі кезіндегі сталиндік қуғын-сүргінді бастан өткерді. Сол уақыттағы орыс қоғамында және күллі түрік мұсылман әлемінде болып жатқан саяси толқулар мен әлеуметтік сілкіністер олардың прогрессивтік көзқарастағы ұлттық интеллигенция ретінде қалыптасу үрдісін тездетті. XX ғасыр басында қазақ оқығандары саяси белсенді әлеуметтік топ болып өсіп қалыптасты.

Алғашқы ұлттық саяси элита

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан алғаш рет ұлттық саяси элитаның қалыптасуына осылай деп баға берген еді. Бұдан сол уақытта-ақ қазақ қоғамында ұлттық интеллигенцияның екі топқа, яғни, орыс мектептерінен оқып, орыс әдебиеті қайнарларынан тәлім алған, батыс мәдениетін көксейтін батысшылдар және шығыстық діни ілім мен әдет-ғұрыптың негізінде тәрбиеленіп мұсылмандық жолды ұстанған түрікшілдер және панисламистер болып бөлінгені байқалады. (Сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақ оқығандарын алашордашылар деп айыптаумен қоса пантюркистер және панисламистер деп қаралаушық та жиі белең алды). Мәселен, алаштың ардагер азаматы Смағұл Сәдуақасов «Киргизская литература» атты мақаласында ұлттық интеллигенцияның қалыптасуындағы екі мектептің (батыс және мұсылман мектептері) өкілдерін топқа бөліп атап береді. Батысшылдық бағытты жақтағандар Алаш қозғалысының басшылары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтың соңына ергендер болды. Олар негізінен «Қазақ» газетінің айналасына бірікті. Екінші топтың өкілдері Тройцк қаласында Мұхаметжан Сералиннің редакторлығымен шығатын «Айқап» журналының маңайына топтасты. Осы шығыстық ортодоксальдық ағымды қолдаушылар қатарында Ақмола облысының ауқатты бай адамы, жергілікті жерде мұсылман мектебін ашқан, I және II Мемлекеттік Думаның депутаты Шәймерден Қосшығұлов, Астрахань губерниясының ірі жер иеленушісі, I Мемлекеттік Думаның депутаты Дәуіт Ноян Тұндыт, Семей облысының бай-көпесі, Сейтен әкімшілігінің болысы, II Мемлекеттік Думаның депутаты Темірғали Нұрекенов, Сырдария облысының ауқатты байы, бастауыш білімді, II Мемлекеттік Думаның депутаты Тілеулі Аллабергенов сияқты басқадай белгілі дала ақсүйектері болғанын айта кеткен орынды.

Дегенмен, «Айқап» журналы және «Қазақ» газеті басшылығының ұлт бостандығы және теңдігіне қатысты ұстанған саяси бағыттары мен көзқарастарында айтарлықтай алшақтықтар болмаса да, діни мәселелерде кейбір түсініспеушіліктер бой көрсетпей қалмады. Оны «Айқаптың» №14 санындағы Сералы һәм жолдастары хатына жауап жазған Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетіндегі «Мұсылман сиезі», «Он төрт тоғыз бола ма?» мақалаларынан айқын аңғарамыз. Өз кезінде бұл екі топтың арасындағы айтыс-тартысқа басу айтқан аузы дуалы ақсақалдың бірі Шәкерім Құдайбердіұлы болатын. Мәселен, ғұлама ақын 1913 жылдың 16 маусымында «Қазақ» газетінде баспасөзге жазылу мәселесі төңірегіндегі дау-дамайға байланысты барша қазақ ағайындарға арнаған шағын хабарында: «Білімсіз ел жас бала сықылды: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы. Біздің қазақ «Қазақ» газетасы шыққан соң, «Айқап» журналын тастап кетеме деп кәдік көремін. Тамам қырғыз һәм қазаққа бір журнал, бір газета көптік қылмас, екеуін де алу керек!» десе, 1915 жылғы «Айқап» журналының №6 санындағы «Сөз таласы» мақаласында зиялы қауымды: «Бұрынғы құр сөз болып қалған желбуаз сөзбен, былтыр жаз туған мұсылман сьезі туралы «Айқап» пен «Қазақ» тағы жазған талас сөздерді көріп өттік. Басқа желбуаз тұсындағы таласқа – біз бір азғана насихат (өсиет) өлең жазып едік, уақыт өтіп басылмай қалды. Енді бұл мұсылман съезі туралы сөз басталғаннан-ақ алдыңғының аяғын құшарын білсек те, аяқталмай тұрып сөз жазбадық. Міне, енді, жазамыз – тым болмаса келер іске пайдасы болар ма екен деп.

«Айқапқа» жазғандар да, «Қазаққа» жазған Ғалихан да талас сынды көптің сынын салып отыр, ол жақсы-ақ. Бірақ кекеп, кекетіп сөзін жазған жарай ма?

Менің ойымша: кекеу, сөгіс – тіл қаруы. Оның жарасы тез жазыла қоймас. Жауап қайырып, қарсыласарлық үлкен кісі түгіл, жас баланы да ұрып, кекеп-зекіріп тыю зиян шығармай ма?..

«Ауыздан шыққан сөз – атқан оқ». Оны пәленше жеңіліп қалды деп қайтып ала алмайсыздар, онан басқасы бар ма? Кекеу кек шақырып, кек партия шақырып, партия елдің елдігін жоғалтады. Менің білгенім сол-ақ. Бұл сөзімнен бар елдің мінін көрсең де, айтпа дейді деп ұқпаңыз. Мінелмеген түзелмейді. Бірақ улап, найзалап мінеме деймін», - деп ұлттық татулық пен бірлікке шақырады. Ал енді ұлы ойшылдың «Айқап» журналында қазақ оқығандарына қаратып «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» деп айтатын биік адамгершілік, философиялық сауалдары ұлтты ұлағаттылыққа тәрбиелейтін мәңгілік рухани құндылықтар болып табылады.

ОЛАРДЫҢ БАСЫН ҰЛЫ МҰРАТТАР БІРІКТІРДІ

XX ғасыр басында патшалық Ресейде осындай екі түрлі білім ошақтарынан, әлеуметтік-мәдени ортадан тәлім-тәрбие алып шыққан қазақ оқығандарын ең алдымен ұлт теңдігі және бостандығы, түптеп келгенде, тәуелсіз қазақ автономиясын құру тәрізді ұлы мұраттар біріктірді. Олар негізінен батыс пен шығыстың әдебиеттерінен сусындап, ұлттық рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген білімді азаматтар болды. Мысалы, Алаштың үні атанған «Қазақ» газеті редакциясының басқармасы «Ғалия» медресесінің 10 жылдығына арнаған мақаласында: «Ғалия» ашылғаннан бері оқып шыққан жастардың дәл саны бізге мағұлұм емес, бірақ аз еместігі анық. Басқаларды қойып-ақ жалғыз қазақтан оқығандарды алғанда да, «Ғалияда» ең аз деген жылында 30-40-тан қазақ балалары кем болған емес. Олардың қайсысы қалай оқып, қандай біліммен шыққанын түгел білсек те, бірақ бәрі де «ұлтым», «ұлтым» деп, жұртын аузынан тастамай шығатыны анық мағұлым. Жасасын, «Ғалия»! Жасасын, «Ғалияны» ашып, тәрбиелеп, рухты жастар шығарушылар!» - деп үлкен ризашылық білдіреді (Қазақ, №210, 23 желтоқсан 1916 жыл). Кезінде бұл жоғары діни оқу орнын Мағжан Жұмабаев, Біләл Сүлеев, Мұстақым Малдыбаев, Ахмет Маметов, Мәннан Тұрғанбаев, Жиенғали Тілепбергенов тәрізді бірқатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері бітірді. Олар аталмыш медресе қабырғасында жүріп «Садақ» қолжазба журналын шығарды, сол арқылы халқын білім мен өнерге үндеді.

Алайда, осы алғашқы қазақ оқығандарынан басқа, кеңестік дәуірде ұлттық интеллигенцияның коммунистік көзқараста тәрбиеленген жаңа бір буыны өсіп қалыптасқанын айтуға тиіспіз. Өкінішке қарай, кеңестік саясат оларды әлеуметтік-таптық тұрғыда бір-біріне қарсы қоюға барынша тырысып бақты. Ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңдері туралы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов 1926 жылдың 2 маусымындағы «Советская степь» газетінің №123 санында басылған «Из прошлого казахской национальной интеллигенции» мақаласында сонау 1905 жылдың өзінде-ақ Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларының отарлық езгіге қарсы «Қарқаралы» петициясын қабылдап, Ресейдегі ең ірі саяси күш болып саналатын кадет партиясының қазақ бөлімшесін құрғанын, одан кейінгі уақыттарда «Серке», «Айқап», «Қазақ» газет-журналдары арқылы халықты білім мен мәдениетке үндеп, ұлттық сана-сезімін оятуға ұмтылғанын айтады. Сондай-ақ, батысшылдар туралы.

Бұл арада алғашқы қазақ оқығандарын «ұлтшыл буржуазияшыл интеллигенция» немесе «алашордашыл, байшыл интеллигенция» деп ресми түрде атау кеңестік заманда тағылған саяси айыптаулар болды. 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиялау кезінде мұндай қатал айыптауға іліккендер «халық жауы» ретінде аяусыз атылып тасталып отырды. 1930 жылдардан КСРО Қылмыстық істер Кодексінің 56 және 58 баптарының тармақтары бойынша арнайы «халық жауы» деген саяси термин кеңінен қолданыла бастады.

Егерде тарихи деректерге жүгінсек, осы Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізгі саяси жетекші күші ұлтшыл қазақ оқығандары екенін көреміз. Әрине, олар әлеуметтік шыққан тегі жағынан әртүрлі топтың өкілдерін құрады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Тарих толқынында» кітабында «Ұлы қазақтар!» дейтін бұл Алашорда қайраткерлері, ақиқатында, «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді», деп жазды. Мысалға Алашорда үкіметінің құрамын алып қарайық. Бәрі де жоғары білімді заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер секілді тағы басқадай мамандар-тын. Бір атап өтерлігі, олар жай ғана қарапайым мамандық иелері емес, сол уақыттағы сарабдал саясаткерлер, топ бастаған көсем-шешендер және айтулы ақын-жазушылар, ғалымдар еді. Айталық, «Ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Әлихан Бөкейхан (оқымысты-ғалым, Ресей Конституциялық демократиялық партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, I және II Мемлекеттік Думаның депутаты), Ахмет Байтұрсынов (ақын, аудармашы, лингвист, «Қазақ» газетінің редакторы), Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтер және басқалары – негізінен Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Омбы мен Орынбор жоғары оқу орындары, училищелерінің түлектері. Көрнекті мемлекет қайраткері, математика профессоры, Алаш қозғалысына қатысушы Әлімхан Ермековтің деректеріне қарағанда, Әлихан Бөкейханов Ленинмен бірге Санкт-Петербург университетінің заң факультетін өз бетінше бітірген, бірнеше шет тілін білген, сөйтіп, жиырма төрт жасында жоғары білімі жөніндегі екі дипломға (бірі Орман институты) ие болған керемет білімді жас, Санкт-Петербургтегі марксизм теориясын терең білетіндердің бірі ретінде атағы шыққан» (Аққұлұлы С. Алаш-Орда қасіреті. «Юридическая газета» №33-36, 1995).

Алаш тілегіндегі Шәкерім Құдайбердіұлы да өз дәуірінің ұлы тұлғасы болды. Арнайы оқу орнын бітірмесе де, ғұлама ақын араб, түрік, парсы және орыс тілдерін жетік білді. Данышпан ағасы Абайдың ақылымен білім іздеп, Араб еліне барған сапарында әуелі түріктің астанасы Стамбұлдың кітапханаларында он үш күн грек және батыс ойшылдары, сондай-ақ, шығыс әдебиеті жауһарларымен танысып, өзін толғандырған діни әрі заманауи сауалдарға жауап іздеді. Сол жолғы жинақтаған білім-ілімін елге келген соң Алаш игілігіне жаратып, бірқатар аса құнды әдеби мұралар қалдырған болатын. Осы орайда өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Семейде Алашорда үкіметі тұсында ұлтына қалтқысыз қызмет еткен қазақ оқығандарына тоқталып өтсек деймін.

Ең қолайлысы - Семей

Семей ол уақыттада қазіргідей ұлы Абай мен оның дарынды шәкірттері, қазақтың тұңғыш шығыстанушы ғалымы Шоқан Уәлиханов, орыстың көрнекті ағартушы-демократтары Ф.Достоевский, Н.Долгополов, Е.Михаэлис, Н.Коншин, Б.Герасимов және тағы басқалардың ұлағатты ізі қалған үлкен мәдени-рухани орталық еді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1917 жылғы төңкерістер кезіне дейін-ақ «Қазақ» газетіндегі «Оқушыға жәрдем қауымы» мақаласында еліміздің келешегі оқыған білімді жастарға жер-жерде арнайы көмек көрсететін Жәрдем қауымдарын құру керектігін айта келіп, «Менің білуімше, ондай қалалар - Семей, Тройцкі, Оренбург. Оренбургта іргелі қазақ аз. Мұндағы қазақтың бәрі - оқудағы жастар. Закон жолында бұлар қауымға ағза бола алмайды. Қауым басқарушы 4-5 кісі де Оренбургта табылар ма екен. Ахмет, Міржақып, бір-екі переводчик болмаса, Оренбургта оқушылардан басқа қазақ жоқ. Ахмет, Міржақыпқа газета да жетер. Оренбург бұлай болған соң, анау айтылған екі қала қалады. Бұлардың аталмыш қауымның бас басқармасын ашуға қолайлысы - Семей. Мұнда қазақ та, басқа мұсылмандар да көп, оқыған басшы боларлық жігіттердің де басы құралулы. Оқудағы жастарға Жәрдем қауымын ашуды Семей жігіттері ізденіп ашқаны жөн», деп жазған екен.

Әлекең айтқандай, шын мәнінде ұлы төңкерістер қарсаңында ғұлама Шәкерім Құдайбердіұлы, Кәкітай Ысқақов, Турағұл Құнанбаев, Әнияр Молдабаев, Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Жақып Ақбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар, Сәбит Дөнентаев, Мұстақым Малдыбаев, Тайыр Жомартбаев, Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Әлімхан Ермеков, Ахметжан Қозыбағаров тәрізді тағы басқа қазақ оқығандары осы қасиетті Семей қаласында бас қосып шоғырланған еді. Сол себепті, 1917 жылдың желтоқсан айының соңында Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезінің бірден жаңа құрылған «Алашорда үкіметінің уақытша тұрағы Семей қаласы болсын» деп қаулы қабылдауы тегін болмаса керек. Азаматтық қарсыласу жылдары мұнда Алашорда үкіметі жұмыс істеп, бұрынғы Заречная слободка елді мекені Алаш қаласы болып аталды. Ал осы Алаш қаласында Семей уездік Земствосы, Алаш қалалық Думасы, Алаш қалалық Кеңесі тәрізді қоғамдық-саяси мекемелермен қатар, «Абай» журналы және «Сарыарқа» газетінде көптеген білімді қазақ оқығандары халық игілігіне адал қызмет етті. Семей қазақ педагогикалық училищесі (бұрынғы мұғалімдер семинариясының негізінде), ауыл шаруашылығы техникумы, Алаш бастауыш мектептері секілді бірнеше жаңа оқу ошақтары ашылып, ұлттық білім беру жүйесінің берік іргетасы қаланды. Әйгілі тіл ғалымы-әдебиетші Ахмет Байтұрсыновтың өзі бас болып, Алаштың бір топ зиялылары қазақ оқулықтарын жазып шығарды. Сауатсыздықты жою жұмыстарына жұмыла қатысып, қараңғы халықтың санасын оятты. Ұлт мүддесіне қатысты мұндай істерден, жалпы Алашым деген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірде-бірі шет қалмады. Мысалы, Алашорда үкіметіне Жақия қажы Бейсекұлы, Мұхаметхан Сейітқұлов, Қаражан Үкібаев, Ике Әділов, Бекқожа Құлғарин, Ахмәди Оңалбаев, Жанғали Алдоңғаров сынды Семейдің ауқатты адамдары үнемі материалдық-рухани жағынан қолдап көмектесіп тұрды. Алаш оқығандарының айрықша еңбегі 1920 жылы тамызда Қазақ АКСР-ін құруға белсене қатысуы болды. Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ оқығандары дербес ұлттық мәдени автономияға қол жеткізе алмаса да, қазақтың алғашқы кеңестік үкіметін құруға негіз қалап берді.

Осы қазақ оқығандары кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі кезеңде Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқандықтары үшін жаппай қуғынға ұшырады. Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан айдауылмен Мәскеуге үй қамаққа әкетіліп, ғұлама ақын Шәкерім Шыңғыстауда жазықсыз атылды. Жалпы, сол кездегі зиялы қазақ оқығандары 1927 жылдан басталып, 1930 жылдармен жалғасқан, ақырында 1937-1938 жылдармен келіп аяқталған сталиндік үш бірдей қанды қырғынды бастан кешті.

Басқаны былай қойғанда, тек 1938 жылдың 25 ақпанынан 13 наурызына дейінгі екі аптаның ішінде елімізде Қазақстан НКВД-сының жанындағы үштіктің шешімімен 631 адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында Санжар Асфендияров, Сүлеймен Есқараев, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сейітқали Меңдешев, Айтмұхамет Мусин, Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Сұлтан Есқалиев, Ілияс Жансүгіров, Жұмат Шанин, Хамза Жүсіпбеков тәрізді қазақтың бетке ұстар атпал азаматтары болды.

Сталиндік қырғынның соңғы бір жылының өзінде-ақ, іс жүзінде Қазақстан үкіметі барша игі жақсыларынан түгелдей дерлік айырылып қалды. Сол сияқты Шәкерім қажы «Мұтылғанның өмірі» атты дастанында: «Оқыған жастың етегін, Қабыл алдым жетегін, Босқа жатып нетемін, Бостандық туын көрген соң» деп айтатын, Әлихан Бөкейхан басшылық еткен Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің мүшелері, Семей зиялылары Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Ахметжан Қозыбағаров және тағы басқалардың да тағдыры осылайша қайғылы аяқталды.