ШЫҰ

Шанхай ынтымақтастық ұйымы

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 2001 ж. Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан басшылары Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім (Шанхай қаласы, 1996 ж.) мен Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімге (Мәскеу қаласы, 1997 ж.) қол қойғаннан кейін қалыптасқан «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылды.

Ұйымның негізгі мақсаттары – 2002 ж. 7 шілдеде қабылданған ШЫҰ Хартиясына сәйкес өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту; саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру; энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы ынтымақтастықты қолдау.

ШЫҰ мүше мемлекеттері – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Пәкістан, Үндістан, Иран болып табылады.

ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесіне ие мемлекеттер  Ауғанстан, Беларусь, Монғолия.

ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер – Әзірбайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Шри-Ланка, Түркия, Мысыр, Катар, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Кувейт, Мальдив Республикасы, Мьянма, Біріккен Араб Әмірліктері.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қандай да бір елге қарсы бағытталған әскери блок немесе жабық альянс емес, ол кең халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған құрамы кеңейтілуі мүмкін ашық ұйым.

Қазіргі кезде ШЫҰ (байқаушы және сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттермен бірге) – 3 миллиардтан аса тұрғын саны (әлемдегі халық санының 50%). Ұйымның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің екі тұрақты мүшесі және ядролық державалар (ҚХР және РФ), әлемдегі халық санының ең көп екі мемлекеті (ҚХР және Үндістан) және дүниежүзінде энергияны ең көп тұтынушы мемлекеттері (Қытай және Үндістан) кіреді.

ШЫҰ-ның қазіргі кездегі негізгі мақсаттары – өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшыларының кеңесі -  ШЫҰ жоғары органы болып табылады. Кеңес басымдылықтарды белгілеп, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды, оның ішкі құрылымы мен жұмыс істеуінің негізгі мәселелерін шешеді, басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын реттейді, сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерді қарастырады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының (премьер-министрлер) кеңесі – Ұйым шеңберінде сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі мәселелерін қарайды және шешеді, Ұйым бюджетін қабылдайды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі – Ұйымның ағымдағы қызметінің, мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындық, халықаралық мәселелер бойынша Ұйым шеңберінде консультациялар өткізу мәселелерін қарайды. Қажет жағдайда Кеңес ШЫҰ атынан мәлімдеме жасай алады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілерінің кеңесі – Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді және басқаруды жүзеге асыратын орган. Кеңес Мемлекет басшылары, Үкімет басшылары және Сыртқы істер министрлері кеңестеріне дайындық жұмыстарын жүргізеді.

ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдары – Пекиндегі Ұйым Хатшылығы мен Ташкенттегі Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (АТҚҚ) Атқарушы комитеті Ұйым алдындағы негізгі міндеттерді шешуде маңызды рөл атқарады.

ШЫҰ Бас хатшысы мен АТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры мүше мемлекеттердің азаматтары қатарынан ротация негізінде мемлекеттің атауы бойынша орыс әліпбиінің тәртібі бойынша 3 жылға, әрі қарай ұзарту құқығынсыз сайланады.

Чжан Мин (Қытай) 2022 ж. қаңтарынан бастап ШЫҰ Бас хатшысы, ал Руслан Мирзаев (Өзбекстан Республикасының өкілі) - АТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры болып табылады.

Қазақстан – ШЫҰ форматындағы ең беделді мүше мемлекеттердің бірі. Сындарлы мүше және теңқұқылы үнқатысу жүргізу - Қазақстанның аймақтағы ұстанымын арттырып, мүше мемлекеттер арасында өзара сенім мен түсінушілікті арттыруға жәрдем көрсетуде.

Қалыптасқан тәжірибе бойынша Ұйымға төрағалық 1 жылдық кезең ішінде жүзеге асырылады - кезекті саммит аяқталғаннан кейін басталып, төрағалық етуші мемлекеттің аумағында ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының отырысын өткізумен аяқталады.

2023 жылдың шілдесінен бастап Ұйымда Қазақстан төрағалық етуде.

ШЫҰ-ның негізгі құжаттары:

  • ШЫҰ Хартиясы
  • ШЫҰ-ны құру туралы декларация
  • Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы
  • Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт 
  • ШЫҰ Рәсімдер ережелері
  • ШЫҰ Хатшылығы туралы Ереже
  • Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының Атқарушы комитетінің Регламенті
  • ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесі туралы Ереже
  • ШЫҰ-ның сұхбат бойынша серіктесі мәртебесі туралы Ереже