Ресейдегі Қазақстанның консулдық мекемелерінің «жедел желі» телефондары
  • Мәскеу

    8-925-897-71-14

  • Санкт-Петербург

    8-921-188-90-60

  • Қазан

    8-905-020-30-42

  • Омбы

    8-968-100-73-06

  • Астрахань

    +7-906-177-70-88

  • Екатеринбург

    +7-939-919-76-33

Ислам ынтымақтастығы ұйымы

Мұсылман мемлекеттері басшыларының  1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабатта өткен конференциясында негізі қаланған Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.

ИЫҰ-ның негізгі қағидаттары мыналар:

  • толық теңдік;
  • әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет;
  • ішкі істеріне араласпау;
  • мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу;
  • ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді келіссөз, араағайындық немесе арбитраж арқылы бейбіт жолмен шешу;
  • ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу.

Қазақстан 1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымының толық құқылы мүшесіне айналды.

Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Жаңғырту мен реформаларды ХХІ ғасырдағы Ислам әлемі дамуының негізі деп жариялаған, мазмұны жөнінен ұйымның ең прогресивті құжаты болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мұсылман үмметі алдындағы бағдарламалық сөзі ИЫҰ Астана декларациясының негізін қалады.

Сыртқы істер министрлері кеңесі (СІМК) жүзден астам қарар қабылдады, соның ішінде Қазақстанның бастамасымен ұсынылған Ауғанстандағы заңсыз есірткі өндіру және оның айналымымен күресу, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі өңірлерін сауықтырып, қалпына келтіру жөніндегі құжаттар бар.

Астанадағы кездесуде оған қатысушылар өздерінің ұйым қағидаттарын жақтайтынын тағы да қуаттап, оның жаңа даму жолдарын айқындады. Сонымен қатар, олар Қазақстанға ЕҚЫҰ саммитін табысты өткізуге мүмкіндік берген айрықша жасампаз Астана рухы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) сессиясында да ұйымды жаңарту үшін қолайлы ахуал қалыптастырғаны туралы ортақ пікірде болды.

Қазақстан ИЫҰ СІМК төрағалығының 2011-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен бағдарламасында көрініс тапқан басымдықтарды біртіндеп және жүйелі түрде жүзеге асырды. Оған қоса, ұйымға мүше мемлекеттермен, ИЫҰ Бас хатшылығымен және институттарымен бірлесе отырып, 2011 жылы VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында және ИЫҰ СІМК 38-ші сессиясында көтерілген өзара азық-түлікпен жәрдемдесу жүйесін құру, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін қалыптастыру, ИЫҰ өкілдерінің G20 және өзге де саммиттерге қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілді.

Ислам әлеміндегі күрделі геосаяси ахуалға байланысты ИЫҰ-ның Атқару комитетінің Сирия мен Ливиядағы дағдарысты реттеуге арналған төтенше отырыстары өтті. Сомалидегі гуманитарлық апатты еңсеру, исламофобиямен күрес және дінаралық қақтығыстардың алдын алу мәселелері  Ұйым назарына алынды.

Қазақстан төрағалығы кезіндегі қолдау арқылы өткізілген кең ауқымды науқан аясында Сомали үшін жалпы мөлшері 500 миллион доллардан астам қаржы жинақталды.

Бұдан бөлек, біздің Мемлекет басшысының жаһандық 3 бастамасы БҰҰ-да қолдау тапты. Атап айтқанда: 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау және Ядролық сынақтарға баршаға бірдей тыйым салу туралы шарттың күшіне енуі, Ауғанстаннан тасымалданатын заңсыз есірткі айналымына қарсы әрекет ету, сондай-ақ ИЫҰ мен ықпалды өңірлік ұйымдар арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту жөніндегі бастамалар.

Сондай-ақ Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті (КОМСЕК) төрағасының орынбасары болып сайланды. Бұл комитет – ИЫҰ-ның ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті жүзеге асыруға жауапты басты органы.

ИЫҰ бас хатшысы Экмеледдин Исханоглу Қазақстанның төрағалығының мазмұндылығы мен кәсіпқойлық деңгейінің жоғары болғандығын атап өтіп, ұйымның тарихында ол жарқын белестің болып қалатынын айтты.

ИЫҰ халықаралық деңгейде Қазақстанның бастамаларын қолдауды жалғастырып, олардың сәтті жүзеге асырылуына өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру жөніндегі бастамалар Ұйымның жыл сайынғы құжаттарында көрініс табады. ИЫҰ Қазақстанның «Шығыс – Батыс» жүлгесі бойынша қарым-қатынаста өзіндік көпір қызметін атқаратын өркениетаралық және дінаралық диалогты дамыту саласындағы маңызды үйлестірушілік рөлін мойындайды.

Ықпалдастықтың аса маңызды қыры ретінде ИЫҰ-ның қаржылық құрылымдарымен, әсіресе мұсылман әлеміндегі ең ірі инвестордың бірі –  Ислам даму банкімен арадағы ынтымақтастықты дамыту ісін санауға болады. Ислам даму банкінің жалпы инвестициялық портфелі Қазақстанда 700 миллион доллар шамасында.

ИЫҰ ұйымның Орталық Азия жөніндегі арнаулы бағдарламасын жасауды қолдайды. Бұл жоба Орталық Азияның да, мұсылман қоғамдастығының да ортақ мүддесіне сай келетін сауда операцияларын, инвестиция салуды ынталандыруға, өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға ұйым тарапынан жасалатын қолдау мен өзара ықпалдастықты көздейді.

2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі 1-ші Саммитін ашты. Делегациялардың басшылары Ислам Ынтымақтастық Ұйымының ғылым мен технологиялар жөніндегі 1-ші Саммитінің «Ғылым, технология, инновация және ислам әлемінің жаңғыруы» атты Астана декларациясын қабылдады.