Мәдени-әлеуметтік ынтымақтастық

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы екі елдің стратегиялық әріптестігінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол көпжақты ынтымақтастықтың берік құқықтық негізін құрайтын және осы саладағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын қамтитын көптеген екіжақты келісімдермен реттеледі.

Осы келісімдерді іске асыру мақсатында Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия, Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссия және Мұрағаттар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Комиссия жұмыс істейді.

Жыл сайын өнер, кинематография, спорт, туризм, кітапхана және мұрағат ісі саласында бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу жүзеге асырылады.

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қазақстан Республикасы Ресейдегі шетелдік студенттер саны бойынша көш бастап тұр, олардың саны шамамен 60 мыңға жетеді. Оларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін үкіметаралық уағдаластықтар шеңберінде білім беру гранттары бөлінеді.

Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының перспективалы бағыттарының бірі жетекші университеттердің филиалдарын өзара ашу болып табылады.

Осылайша, Қазақстанда М.В.Ломоносов атындағы ММУ, Мәскеу инженерлік-физикалық институты (МИФИ) Ұлттық ядролық зерттеу университетінің, И.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-техникалық университетінің, Челябі мемлекеттік университетінің Санкт-Петербургтік Гуманитарлық кәсіподақтар университетінің, Мәскеу авиациялық институтының филиалдары ашылды. Астанада МГИМО филиалын және Омбыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу рәсімі аяқталу сатысында.

2024 жылы екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылының негізгі іс-шаралары:

- 28-29 наурызда Алматыда Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның төртінші отырысы және Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының екінші форумы өтті;

- 10-11 сәуірде Ресей Федерациясының Мәдениет министрі О.Любимованың Алматыға жұмыс сапары өтті, оның барысында Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның кезекті отырысы өтті және екі елдің мәдениет министрліктері арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды;

- 18-19 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбектің Мәскеуге жұмыс сапары өтті;

- 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Мәскеуде «Мәскеудегі Астананың мәдениет күндері» өтті. Ресей астанасының тұрғындары мен қонақтарына «Астана – менің махаббатым» (Люблино паркі) фотокөрмелері, сондай-ақ «Гауһартас» және «Қыз Жібек» спектакльдері ұсынылды. Екі елорда арасындағы екіжақты байланыстарды дамыту мақсатында Астана әкімдігі мен Мәскеу мэриясының өкілдері туризм, креативті индустрия және мәдени ынтымақтастық жөніндегі «Астана-Мәскеу» жұмыс тобының отырысын, сондай-ақ туристік бизнес өкілдерінің (B2B) кездесуін өткізді;

- 15-16 қазанда Үлкен театр сахнасында «Астана Опера» театрының гастрольдері өтті;

- 16-19 қазанда «Ресей – спорт державасы» 12 – ші халықаралық спорт форумына қатысу үшін ҚР Туризм және спорт министрі Е.Мырзабосыновтың Уфа қаласына жұмыс сапары өтті;

- 3-5 желтоқсанда ВДНХ-дағы «Қазақстан» павильонында «Азия және Еуропа синтезі» атты Мәскеудегі Қазақ киносының күндері өтті;

 - 23 желтоқсанда Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның Мәскеуге жұмыс сапары өтті, оның барысында Ресейдің Мәдениет министрі О.Любимовамен екіжақты кездесу өткізіп Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу шеңберінде бірлескен мәдени іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Осылайша, Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы серпінді, көп қырлы болып қала береді және Қазақстан мен Ресей мәдениеттерінің диалогына, сондай-ақ гуманитарлық мәселелердің барлық спектрі бойынша тығыз ынтымақтастыққа бағытталған.