Ағымдағы қызмет туралы ақпарат

Қазақстанның Омбыдағы Консулдығында Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті

5.03.2021

2021 жылғы 5 наурызда Қазақстанның Омбыдағы Консулдығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өту шеңберінде және қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, "Алаш" қозғалысының негізін қалаушы, ұлт көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 155 жылдығына арналған "Қазақстан: Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет" (тарихы, бүгіні, болашағы)" атты оффлайн/онлайн дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге педагогикалық ғылымдарының докторы, профессор Қайыртай Әмірғазин, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы, "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, "Отандастар Қоры" КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, сондай-ақ Консулдықтың консулдық округіне қарасты 9 федералдық аймағында орналасқан қазақ қоғамдық ұйымдарының, ҚР СІМ, ҚР Мәскеудегі Елшілігінің, және Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Бас консулдықтардың басшылығы қатысты.

Жиынға қатысушылар қазақ халқының төл тарихының өзекті мәселелері туралы баяндап, еліміздің тәуелсіздік дәуіріндегі осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері жайлы пікір алмасты. Сондай-ақ, "Алаш" партиясының көшбасшыларының бірі, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханның біртұтас "Алаш" идеясы туралы тұжырымының әлі де маңызын жоймағанын, ата-бабамыздың арманы орындалып, Алаш көшбасшылары мен белсенділерінің, Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанын ерекше атап өтті.