Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы

Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы туралы

14.08.2023

2023 жылғы 5 шілдеден 2024 жылғы маусымға дейін Қазақстан Республикасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді.

Төрағалық кезінде Қазақстан мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерін келесі салаларға бағыттауды көздеп отыр:

-  ШЫҰ-ны жетілдіру және оны одан да тиімді платформаға айналдыру;

- ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша әлеуетті нығайту;

- экономика және сауда саласындағы байланыстарды тереңдету;

- мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты тереңдету;

- ШЫҰ-ны кеңейту және оның халықаралық байланыстарын дамыту.

2023 жылғы 4 шілдеде ШЫҰ Саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев төрағалықтың нақты басымдықтарын атап өтті.

I. ШЫҰ әлеуетін нығайту

Ұйымды реформалау және оның негізгі бағыттары бойынша қызметін оңтайландыру бойынша жұмыс басталды.

Бұл жолдағы маңызды қадамдардың бірі – 2024 жылғы маусымда Қазақстанда өтетін ШЫҰ Саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы мен ШЫҰ қызметін жетілдіру тұжырымдамасының қабылдануы. Құжаттар практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, оның ішінде ШЫҰ-ны прогрессивті реформалау алгоритміне бағытталған.

II. Қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы ынтымақтастықты нығайту

Аймақтық қауіпсіздік пен өзара сенім мәселелері Ұйымның күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болып табылады. Әлемдік саясат пен экономикадағы қазіргі үрдістерді ескере отырып, Қазақстан ШЫҰ-ның заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге көзқарастарын жаңартуды ұсынады.

Осы аспектіде Қазақстан «Әділ бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік туралы» ШЫҰ-ның ортақ бастамасын бірлесіп ілгерілетуді ұсынады. Кешенді құжатта сенім шараларын қалыптастыру және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттары бар.

2025-2027 жылдарға арналған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңартылған бағдарламасын қалыптастыруға үлкен мән берілмек.

Есірткіге қарсы жаңартылған стратегия мен оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы қабылданады. Тәжірибелік тұрғыда ШЫҰ-ның «Есірткісіз әлем үшін» халықаралық акцияларын өткізу тәжірибесін және бақылаушы мемлекеттер мен ШЫҰ диалогы бойынша әріпестерді тарта отырып, «Веб» операциясын жалғастыру ұсынылады.

III. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту

Жалғасып жатқан жаһандық экономикалық дағдарыс және оның салдары ШЫҰ-дан өңірлік сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды және жаңа экономикалық күн тәртібін әзірлеуге мүмкіндіктер ашуды талап етеді.

Мүше мемлекеттердің күш-жігері ШЫҰ-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын тиімді жүзеге асыруға бағытталатын болады.

ШЫҰ инвестициялық қорын құру бастамасын ШЫҰ-дағы инвестициялық синергияны нығайту тұрғысынан келешегі зор практикалық қадам ретінде қарастырамыз.

Энергетика мәселесі де Қазақстан төрағалығының басым бағыты болып табылады. ШЫҰ-ның Энергетикалық стратегиясын қабылдау арқылы энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету, экономика мен өнеркәсіпті декарбонизациялау бойынша күш-жігерді үйлестіруге үлкен мән береміз. Осы тұрғыда 2023 жылғы 3-4 қазанда Астанада өтетін ШЫҰ Энергетикалық форумының нәтижелерінің келешегі зор болуы мүмкін.

ШЫҰ елдерінің айтарлықтай көліктік әлеуетін ескере отырып, теміржол, автомобиль, теңіз және әуе жолдарының өзара байланысын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыда Қазақстан ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың Серіктестік желісін құруға шақырды.

Цифрлық теңсіздікті азайту, қаржылық технологиялар нарығын кеңейту, электрондық коммерцияны ілгерілету және банктік экожүйені дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Қазақстан 2024 жылы ШЫҰ цифрлық форумын өткізеді.

IV. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету

Мәдени-гуманитарлық өлшем ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып табылады.

«ШЫҰ-ның рухани қасиетті жерлері» жобасын жүзеге асыруға және Түркістан қаласында «Алтын Орда және оның мұрасы» тақырыбымен мүше мемлекеттердің сарапшылары мен ғалымдарының қатысуымен ШЫҰ-ның халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастыруға орасан зор көңіл бөлінетін болады.

Климаттың өзгеруімен күресу, азық-түлік қауіпсіздігін күшейту, сумен қамтамасыз ету, биоәртүрлілікті сақтау мақсатында Қазақстанның бастамасымен 2024 жыл «Экология жылы» деп жарияланды.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамытудағы ынтымақтастық бағдарламасын және ШЫҰ Хатшылығы мен ЮНЕП арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қабылдау жоспарлануда.

Төрағалық еткен кезең ішінде Алматы қаласы ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белгілі мәдениет және өнер, спорт және ғылым қайраткерлерінің қатысуымен тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, қабылданды.

V. ШЫҰ-ның кеңеюі және оның халықаралық байланыстарын одан әрі дамыту

ШЫҰ-ның көпжақты құрылымдармен, бақылаушылармен және ШЫҰ диалогы бойынша әріптестерімен халықаралық байланыстарын одан әрі тереңдету және кеңейту бойынша жұмыс жалғасады.

*****

Қазақстан ШЫҰ Төрағасы ретінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында Ұйымды жаңғыртуға және оны одан әрі тиімдірек көпжақты платформаға айналдыруға бар күш-жігерін салады.