Туризм

АЛМАТЫ МАҢАЙЫ

Алматы қаласы орналасқан Қазақстанның оңтүстiк-шығыс аумағы – туристтiк маршруттардың барлық түрінің бастауы. Танымдық туризмді ұнататындар екі мың жылдық тарихы бар тарихи ескерткiштермен таныса алады, экологиялық туризммен айналысатындар өзгермеген табиғи ерекше ландшафттарды көре алады.

Спорт туризмін қолдайтындар үшін, бұл жерде спорттың барлық түрімен айналысуға болады. Атап айтқанда: тау шаңғысы спорты, велотуризм, альпинизм, рафтинг.

Бұл аймақтың барлық көрікті жерлеріне Алматы қаласынан аттану ұсынылады. Қаланың туристтiк фирмалары талғамға байланысты әртүрлі маршруттар әзірлеп қойған. Саяхатқа өздігінен аттануға ниет білдірген туристер болса, жолды “Оңтүстік астанадан” бастаған өте дұрыс, себебі барлық көлік сол қаладан жүреді.

Биiк таулы Медеу мұз айдыны

Медеу мұз айдыны көптеген жылдардан бері Алматының басты назар аударарлық орындарының бiрi болып табылады. Ол қаладан 15 минуттық жерде орналасқан. Медеу теңiз деңгейнен 1691,2 м биiктiкте орналасқан. Мұздың бетi 10,5 мың шаршы метрді алып жатыр. Сондықтан ол - әлемдегі қысқы спорт түрлеріне арналған биік таулық спорт кешендерінің ең үлкені.

Биік таулылық және мұз қатыру үшін пайдаланылатын ең таза тау суы конькимен жүгіру спортында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік тудырады, барлық уақыт ішінде, барлық қашықтықта бұл жерде ерлер мен әйелдер 200-ден аса әлемдік рекордты жаңартты. Алматының сырғанағы «рекордтар фабрикасы» деген атауға ие болды.

Мұз айдынының жанында тасқынға қарсы қойылған бөгет бар. Ол Іле Алатауы шыңдарында пайда болатын сел ағындарынан қаланың қорғауы үшiн салынған.

Бөгет 3 деңгейден тұрады. Шыңға қала тұрғындарына және туристерге жақсы таныс баспалдақ арқылы шығады, ондағы саты саны - 842.

Таушаңғылы курорт Шымбұлақ

Медеудің жоғарғы жағында – теңіз деңгейінен 2260 м биіктікте – Іле Алатауының жанында атақты таушаңғылы курорт Шымбұлақ орналасқан. Алматыдан Шымбұлаққа 20-30 минутта жетуге болады.

Курорт 1954 жылы құрылған. 1950-шi жылдың ортасынан бастап Шымбұлақ кеңестік тау шаңғышыларының жаттығу базасы болды, бұл жерде КСРО және Қазақстан чемпионаттары өткізілді. Бiрнеше масштабты қайта құрудан өткен курорт туристерге жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді.

Шымбұлаққа шартараптан туристерді шақырып тұратын ерекшеліктер – оның жолдарының әралуан бағыттылығы, олардың арасында шаңғы тебуді жаңадан бастағандарға ыңғайлы жұмсақ және құлама емес еңістер, дайындығы бар шаңғышылар үшін қажет ұзақ жолдар, жылдам құлдырауға арналған ФИС-жолдар, сноубордшыларға арналған half-pipe, кәсіпқойларға арналған қауіпті оралымдар және могулға бейімделген арнайы жол. Шымбұлақтың тау шаңғы трассалары Тау шаңғы спортының халықаралық федерациясымен (FIS) аттестатталған.

Шапшаң түсу трассасы мен алып жолдар әлемнiң ең күрделi трассаларының ондығына кiредi.

АЛТЫН ЕМЕЛ: Әнші шағыл, Ақтау таулары, Тамғалы-Тас

Алтын Емел мемлекеттiк ұлттық табиғи паркі Алматы облысының аумағында, Алматы қаласынан 150 км жерде орналасқан. Жолға шамамен 4-5 сағат кетеді.

Парк Іле өзенiнің оң жағында, Қапшағайдың солтүстiк бiр бөлiгiн, Ақтау, Қатытау тауларын қамтиды.

Бұл - ерекше фауна мен флораға бай Қазақстанның iрi қорығы (сілтеме – 5-б, 7-т – Фауна). Алтын Емел аумағында тек Алматы облысының ғана емес, барша Қазақстанның көрікті жерлері орналасқан.

Әнші шағыл

Әнші шағыл – Іле өзенінің оң жағында орналасқан, Алтын Емел паркінің басты көрікті жері. Ұзындығы 2-3 км, биiктiгі – 120 м болатын бұл құмды дөң құрғақ ауа райында әуенді дыбыс шығарады. Сол себепті де "Әнші шағыл" деп аталып кеткен («Әнші бархан» да деп атайды).

Бұл "әндер" бiрнеше шақырымдардан естіліп тұрады. Құм ұнтағы бір-біріне жанасқанда, дыбыс дүниеге келедi: ескен жел жай дауыс берсе, күштi екпiндер қатты дыбыс береді.

Құмның былқылдақтығына қарамастан, шағыл көшiп жүрмейдi, ол бірнеше мың жылдықтан бері «Алтын Емел» аумағында жатыр. Аңыз бойынша, ұлы Шыңғыс хан мен оның сенімді жауынгерлерi шағыл құмның астында жерленген, хан «өзінің ерлiктері туралы ұрпағына баяндаған кезде", құм ән салады.

Тамғалы-Тас

Тамғалы-Тас (оны ЮНЕСКО Бүкiләлемдiк мұралар тізіміне қосылған Тамғалы кешенімен шатастыруға болмайды (сілтеме 8-б, 8-т – ЮНЕСКО Объектілері) - Алматыдан 170 км жерде, Іле өзенінде, Қапшағай су қоймасына жақын жерде орналасқан.

Ол көптеген суреттер сақталған үлкен (60 м-ге дейін) жартастардан тұрады.

Петроглифтердің ішінде Будда мен бодхисаттарды бейнелейтін тастарды қосқанда, мыңдаған жартастық суреттер бар. Буддистік жазулар мен суреттерден басқа, шамамен қыпшақтардан қалған VIII - IX ғасырлардағы руна жазулары да кездеседі. (сілтеме – 3-б, 6-т – Ерте орта ғасыр).

Тамғалы-Тас мәдени ескерткіш ретінде Қазақстан үкіметінің қорғауына алынған.

Ақтау таулары

Ақтау таулары – Алтын Емел паркінің тағы бір жауһары. Бұл тауларды ерекше бояуына байланысты, «айлы» деп те атайды.

Ақтау – 400 миллион жылдан бері келе жатырған бор таулар, таулар негізінен ақ түсті, бірақ бұл жерде көгілдір, қызғылт, қызыл, жасыл шатқалдар да кездеседі. Олардың барлығы тауға ерекше басқа планеталық көрік беріп тұрады. Мұндай ерекшеліктің себебі – тау ландшафты бұрын теңіз түбінде болып, кейін құрғап қалған.

Түрген шатқалы

Түрген шатқалы Алматыдан 90 км жерде орналасқан. Бұл - ыстық бұлақтарға, сарқырамаға, көлдерге бай табиғаттың ғажайып бұрышы. Бұл жердің ерекше табиғаты қылқан жапырақты ормандар мен биiк тау шалғындарын сабақтастырады.

Шатқалда керемет сарқырамалар бар. Мысалы: Аю сарқырамасы өзінің 30-метрлік биiктiгімен ерекше болса, Бозгүл сарқырамасы туннельдi жартасты тесiп шыққан, суының қуатты ағынымен белгiлi. Шатқалдағы жартастарда мұз дәуіріне дейінгі өсiмдiктердiң таңбалары сақталған.

Шатқалдың ең әйгiлi орыны – Ботан станциясы. Бұл жерде үш өзеннің қосылуынан шатқал ең көп тереңдікке – 920 м-ге жетеді.

Сонымен бiрге, Түрген шатқалында балықты аулап, пісіретін бахтах (форель) шаруашылығы бар.

Есік обасы

Қазақстанның және Орта Азияның ең әйгілі Есік обасы археологиялық ескерткіші Алматыдан небары 50 шақырым жерде орналасқан. 1969 жылғы Есік өзенінің жағалауындағы қазба жұмыстары кезінде табылған бұл қорғанның биіктігі 6 метр ал диаметрі 60 метрге дейін жетеді.

Шамамен б.д.д. IV ғасырға жататын ескерткіште жерленген ер кісі тиграхауда-сақтары басшыларының бірі болып саналады.

«Алтын жауынгердің» үстінде алтын қапсырмалармен өрнектелген сауыт, белінде таза алтыннан жасалған қаруы, ал басында ұзындығы 70 см жететін шошақ басты бөркі болған (оның тиграхауда сақтарына жататыны сол бөріктің арқасында анықталған екен). Сауыт сақ қолөнершілеріне тән «аңдық стилде» жасалған 4 мың әшекей-символдардан құралған.

«Алтын жауынгердің» көшірмелері Алматы және Нұр-Cұлтан қалаларының мұражайларында орнатылған.

Шарын шатқалы

Көркемдігі жағынан АҚШ-тың Колорадо штатындағы әлемге әйгілі Гранд-каньон шатқалымен салыстырылатын Шарын шатқалы Алматының шығысына қарай 195 шақырым жерде, Қытай шекарасына жақын Шарын ұлттық саябағында орналасқан.

Шатқал 30 млн жыл бұрын жер қыртысының жарылуы нәтижесінде пайда болған. Шатқал рафтингпен айналысу үшін өте ыңғайлы Шарын өзенінің бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 км-ге созылған. Тік жартастар мен аркалардың ұзындығы 150-300 метрге дейін жетеді.

Су жырып кеткен формалар мен желге мүжілген жер бедері шынымен де ертегідегідей табиғат суретін тудырған.

Үлкен Алматы көлі

Бұл – Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 28,5 км қашықтықта,Үлкен Алматы өзенінің аңғарында, теңіз деңгейінен 2511 м орналасқан тау көлі.

Үлкен Алматы көлі жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған. Оның ұзындығы - 1600 м, ені – 1000 м. Жағалық ұзындығы - 3 км, ал тереңдігі – 38 м.

Көл жан-жағынан таулармен қоршалған, олардың қатарында Совет (теңіз деңгейінен 4317 м биіктікте), Озерный (теңіз деңгейінен 4110 м) шыңы және Турист (теңіз деңгейінен 3954 м) шыңдары бар.

Көлдің жағалауы тік және құлама, суы жаз айларында да суық. Жыл мезгілдеріне байланысты судың беті әр түрлі түстермен боялады: жаз айларында сарғыш-жасылдан қыс мезгілінде көгілдір аспан түсінен көк түске дейін.

Көлдің жоғары бетіндегі алқапта Тянь-Шан астрономиялық обсерваториясы орналасқан (өзеннен 2 км жердегі 2700 м биіктікте).

Көлсай көлдері

Көлсай көлдерінің жүйесі шамамен Алматы қаласынан шығысқа қарай 300 км қашықтықта орналасқан. Бұл көлдерді Солтүстік Тянь-Шанның маржаны деп те атайды. Қарағайлы тау бөктерімен қоршалған үш көлден тұратын жүйе Күңгей Алатауының баурайында орналасқан.

Бірінші көлдің ұзындығы – 1 км, ол 1818 м биіктікте орналасқан. Оған жол салынып, конақ үйлер мен мен кэмпингтер орналастырылған.

Орта Көлсай көлі (2252 м) – ең үлкен әрі көркем. Ол бірінші көлден 5 км жоғары орналасқан. Үшінші көл – жоғары Көлсай деп аталады. Ол 4 км әрі қарай және 600 м жоғарырақ орналасқан.

Төменгі екі көл көгілдір шыршалармен, биік тау алқабындағы көгалдармен, таулы жайылымдармен айнала қоршалған. Жоғарғы көл жартастардың ортасында орналасқан. Көлсай көлдері терең деп айтуға болады. Біріншісінің тереңдігі 80 м болса, екіншісінікі 50 м дейін жетеді.

Қайыңды көлі

Күңгей Алатауының аңғарындағы туризмнің ең танымал орны. Су температурасының төмендігіне қарамастан, Қайыңды көлі дайвингпен айналысатындар үшін таптырмас орын. Көлдің ең басты көрнекілігі – суда өсіп тұратын шыршалар. Бұл көл қылқанжапырақты өсімдіктер орманын су басқан 1910 жылғы жер сілікінісінің нәтижесінде пайда болған. 2014 жылғы өлшем бойынша су айдынының ең төмен жері - 21м.

Хан-Тәңірі

Хан-Тәңірі шыңы – Қазақстанның ең жоғарғы нүктесі, оның биіктігі теңіз деңгейінен 7015 м (мұзды жамылғысын есептегенде).

Хан-Тәңірі шыңы Орталық Тянь-Шаньның шығысындағы Тәңірі-Тақ жотасында орналасқан. Әлемдегі ең әдемі шыңдардың бірі, оның төрт қырлы пирамида іспеттес формасының бір жағы мәрмәр қабырғамен безендірілген.

Қытай шекарасына жақын орналасқандықтан, бұл аймаққа өту үшін арнайы рұқсат қағазы талап етіледі, сондықтан да туристік агенттіктердің қызметіне жүгінген абзал.