Туризм

БАЙҚОҢЫР

Туристерді  өткен дәуір әлемімен таныстыратын тарихи ескерткіштерден басқа, Қазақстан аумағында ХХ ғасырдың тарихын сипаттайтын тамаша бір нысан бар.

Ол әлемдегі ең алғашқы және ең ірі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Бұл айлақтан 1961 жылы тұңғыш рет адам баласы ғарышқа аттанған. 2015 жылдың маусым айында іргетасы қаланғанына 60 жыл толған ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Қазақстан тарапынан Ресей Федерациясына жалға берілген.

Байқоңырдың ең басты құндылығы – оның әлі де қолданыстағы нысан екендігі.  Мұнда жыл сайын әлемнің әр бөлігінен белгілі  уақытта  туристер  келіп, зымырандарды ұшырудың куәгері бола алады.

Ғарыш айлағының аумағы 6 717 км2. Нысан Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылорда облысының аумағында орналасқан.  2014 жылы Қызылорда қаласының әуежайына халықаралық рейстерді қамтамасыз етуге рұқсат етілген. Сол уақыттан бастап Байқоңырға баратын туристік маршруттар дәл осы Қызылорда қаласынан өтеді.

Бүгінде Алматы, Нұр-Cұлтан және Қызылорда қалаларының туристік фирмалары  Байқоңырға ұзақтығы және мазмұны жағынан әралуан экскурсиялық турларды ұсынады. Ол жерге кіру тек арнайы рұқсат қағазымен ғана мүмкін екенін білген жөн. Ондай рұқсат қағаздарын алуды алдын ала ойластыру керек және оның ең жеңіл түрі – рұқсат қағазды дәл сол туристік фирмалардан алу.

Байқоңыр кешенінің аумағында туристердің өтуіне мүмкіндік берілген он шақты нысандар орналасқан. Қызығушылық тудыратындар қатарында:

  • «Протон-К» ұшыру кешені
  • «Союз» құрастыру және сынау кешені
  • Гагариндік старт
  • Бірқатар ескерткіштер: Юрий Гагаринге, генерал Неделинге, академик Королевке, академик Янгельға ескерткіштері, «Союз» зымыранына, Жердің ең алғашқы жасанды серігіне арналған ескерткіштер және қаза болған сынаушыларға арналған мемориал.
  • Мұражайлар: ғарыш айлағының мұражайы, Юрий Гагарин және дублер-космонавт Герман Титовтың мемориалдық үйі, бас құрылымдаушы Сергей Королевтің мемориалдық үйі.