Абайдың 175 жылдық

Ресей әдебиетшілері Мәскеуде Абайдың шығармашылық мұрасын талқылады

27.08.2020

Бүгін Мәскеуде "Аргументы и факты" баспа үйінің баспасөз орталығында қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Бұл Ресейдегі Қазақстан Елшілігі "коронавирустық" шектеулер  енгізілгеннен кейін ұйымдастырып, қатысуға көп қонақтар шақырылған бірінші офлайн-іс-шара.

Кездесуді аша отырып, Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Уәкілетті Елшісі Ермек Көшербаев әр адамның өмірінде әдебиеттің алатын орны ерекше екенін, ал ұлттың генетикалық қорын жазушы қалыптастыратынын еске салды. Осы орайда, мәңгі ақиқаттарды қарапайым халық түсінерліктей жеткізе білген Абайдың рөлін бүгінгі таңда қайта түйсіну орын алып отырғаны тәнті етеді деп атап өтті ол. Елші құрметті ресейлік әдебиетшілер мен баспалар қатысып отырған бүгінгі іс-шарада болу ол үшін үлкен абырой екендігін, осы орайда мемлекеттер арасындағы достастық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін, Абай мұрасын насихаттауға сіңірген еңбегі үшін "Художественная литература" баспасының бас редакторы Георгий Пряхинге 2-ші дәрежелі "Достық" орденін тапсыру өзі үшін үлкен мәртебе  екенін атап өтті.

Георгий Пряхин  жоғары марапат үшін алғысын білдіріп, бұл өзінің өміріндегі бірінші ордені екенін қоса айтып өтті. Ол Қара сөздерді ұйықтар алдында оқитынын, Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа өркениеттерінің арасына жік түсуі байқалып отырған дәл қазіргі уақытта Абай бейбітшілік адамы ретінде рөл атқаратыны жайлы ойымен бөлісті. "Оның шығармаларында бейбітшілік пен тату көршілікті уағыздау – басты болып табылады, – деп атап өтті Георгий Пряхин. – Елбасының ең жаһандық шешімі – Семей ядролық полигонын жабу – ұлы ақын өмір сүрген, шығармалары дүниеге келген мекенмен, бәлкім, ондаған жылдардан кейінгі бұл шешімге ықпал да еткен Абайдың туған жерімен байланысты болуы бекер емес". "Маған Абайдың халықпен қарым-қатынас жасау форматы ұнайды. Ол үйретеді, бірақ ақыл айтқыш емес. Осыдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын болғанымен, жазғандарының қазіргі заманмен керемет үндестігі таңқалдырады", – деп түйіндеді "Художественная литература" баспасының бас редакторы.

Тақырыпты жазушы, филология ғылымдарының докторы, ЖЗЛ сериясының "Абай" кітабының авторы Николай Анастасьев жалғастырды. Ол Қара сөздерде менторлықтың жоқ екендігіне назар аударды. Алайда Пушкиннің кемеңгер өлең құрылысын еуропалық тілдерге аударудың мүмкін еместігі сияқты, Абайдың да ақындық ұлылығы әлемде әлі де ұзақ уақыт мойындалып, ұғыныла қоймайтынына қынжылушылық білдірді. Осы орайда жазушы бүгінде аталып отырған 175 жылдық мерейтой Абай мұрасын зерделеуге ынтыландыратынына сенім білдірді. "Негізгі міндет – Абайды әлемдік мәдениет ойкуменасының атмосферасына қайтару" Бұл алда атқарылуы тиіс істердің ең бастысы", – деп қорытындылады Николай Анастасьев.

"Роман-газета" журналының бас редакторы Юрий Козлов әр халықтың тарихында бүкіл ұлттың даналығын жинақтаған және оның рухани көкжиегін алдағы жүздеген жылдарға айқындайтын тұлғалар бар екенін еске салды: Германияда бұл - Гете, Ресейде – Пушкин, Қазақстанда – Абай. Оның айтуынша, Абайдың ұлылығы дала баласының жанын әлемге ашып, қазақ ұлтын қалыптастыратын құндылықтардың бәрін бойына сіңіргенінде. "Абай  заманауи, оны оқу – ойлана білетін әрбір адам үшін мереке, оған шексіз қайта айналып келуге болады. Бұл көнермейтін даналық, ол адамның адам болып қалуына көмектеседі", – деп атап өтті Юрий Козлов.

Дөңгелек үстелдің аясында 175 жылдық мерейтойға орайластырылған "Абайды тану – өзіңді тану" жинағы таныстырылды. Иллюстрацияға бай басылымға тамаша әдебиеттанушы Виктор Шкловский аударған "Абайдың Қара сөздері", ресейлік және қазақстандық филологтар Абай шығырмашылығының Пушкин, Толстой, Достоевский (кейбір аңыз әңгімелер бойынша, Абайдың онымен Семейде кездескен) шығармаларымен астарластығы туралы ой бөліскен тарау, сонымен қатар ұлы ойшылдың өмір жолындағы түрлі фактілер туралы Абайдың тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры Тұрдықұл Шанбайдың жәрдем етуімен жинақталған қысқа эсселер сериясы кірген. Кітап 1000 данамен қыркүйек айында шығады және одан бұрын  келесі аптада Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесінде таныстырылатын болады.

Кездесуді қорытындылай келе, оған қатысушылар дөңгелек үстел барысында айтылған Абайды әлемдік әдебиет ойкуменасының атмосферасына қайтару туралы ойды қолдады. Олардың пікірінше, келешектегі зерттеушілердің міндеті – тек аударып және ақынның ұлылығын айтып қана қою емес, бұл туралы көп айтылды, сол дәуірге тереңдеу, Абайдың кіммен қарым-қатынас жасағанын, кімдерді оқығанын, нелерге кезіккенін зерделеу, осыдан кейін ғана бүгінгі уақытқа оралу. Осы арқылы қазақтың ұлы классигінің мұрасын пайымдаудағы жаңа бағыт ашылады деп түйіндеді қонақтар. Пікірталас барысында қатысушылар елдердің арасындағы белгілі бір әдебиет көпірі қызметін атқаратын бірыңғай еуразиялық баспа құруды ұсынды.

Фотогалерея