Жаңалықтар

ҚР Ресей Федерациясындағы Елшісі Д.Абаев Қазақстан экономикасының Жеңіске қосқан үлесі туралы айтып өтті

26.03.2025

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев "Ұлы Жеңіс экономикасы" бүкілресейлік ғылыми конференциясына қатысты.

Іс-шараны Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Ресейдің Ерікті экономикалық қоғамы (ЕЭҚ) ұйымдастырды.

Конференцияға жетекші ғалымдар мен сарапшылар, заң шығарушы және атқарушы мемлекеттік билік органдарының, білім беру және іскерлік қоғамдастық өкілдері қатысты.

Кездесуді аша отырып, ЕЭҚ президенті Сергей Бодрунов қандай соғыс болсын, оның ішінде Ұлы Отан соғысы да – бұл экономикалар мен технологиялар соғысы екенін атап өтті. Оның айтуынша, соғыс кезінде станок басында тұрғандардың, өнімді жеткізетіндердің, адамдарды құтқаратындардың рухтық күші танылады. Бұл тұрғыда, Қазақстан Жеңіске зор үлес қосты, деп жалғастырды ол.

Елші өз тарапынан Қазақстанның жеңіл және тамақ өнеркәсібі өндірісінің негізгі базасына айналғанын атап өтті. "Қазақстанға 220-дан астам өнеркәсіптік кәсіпорынның эвакуациялануы өнеркәсіпті дамыту және түсті металдарды өндіру үшін қуатты серпін болды. Экономиканың осы салаларында жұмыс істеу үшін 670 мың адам жұмылдырылды. Осылайша, Қазақстан соғыс кезінде Жеңіс жолында өнеркәсіп орталығына айналды. Экономикалық жетістіктер, адамдардың жанқиярлығы, ғылыми және мәдени өрлеу - осының бәрі ортақ Жеңіске жету үшін зор ықпалын тигізді. Сол күндер туралы естелік біздің халқымызды біріктіріп, сынақтар кезіндегі бірлік күші мен ынтымақтастықты еске салады", – деп атап өтті Д.Абаев.

Іс-шара барысында оның қатысушылары экономикалық Жеңістің негізгі факторларын, жұмылдыру экономикасының тәжірибесін және соғыс жылдарындағы ғылыми-өндірістік кешенді басқару тетіктерін, ленд-лиздің экономикалық маңыздылығын, соғыс жылдарындағы ғалым-экономистердің жетістіктерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша кеңес экономикасы қиын жағдайда әскери қажеттіліктерге тез бейімделе алғаны атап өтілді. Бұл бүкіл ресурстарды жұмылдыра алу мен миллиондаған адамдардың қаһармандығының нәтижесінде болды, олар қиындықтарға қарамастан, Жеңіске жету үшін қолдарынан келгеннің барлығын жасады.