Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев ММЛУ-да болды

6.03.2025

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде (ММЛУ) болып қайтты.

Университет ректоры Ирина Краевамен кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Тараптар ММЛУ қабырғасындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының табысты жұмысын ерекше атап өтті. Орталық 2003 жылы ҚР РФ Елшілігі мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдауымен ашылған. Өткен уақыт ішінде мұнда бірнеше ондаған ресейлік студенттер қазақ тілін үйренді. Олардың кейбіреулері алған білімдерін Ресейдің мемлекеттік құрылымдарында сәтті қолдануда. Ал Орталықтың түлектері Анастасия Решетникова мен Елизавета Осипова "Мәскеу қазақша" интернет-жобасын жасағаны үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысына ие болды.

Д.Абаев қазақ тілін танымал етуге қосқан баға жетпес үлесі үшін Орталыққа ризашылығын білдіріп, қажетті оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қазақстандық жоғары оқу орындарымен студенттермен алмасу бағдарламаларын одан әрі кеңейтуді қолдады.

Өз кезегінде И.Краева Орталықтың түлектері қазақ тілін кәсіби қатынас ретінде меңгергенін, яғни олар қазақ тілінде күрделі келіссөздер жүргізіп, ағымдағы мәселелерді талқылай алатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілі ММЛУ-да оқытылатын үлкен, көпмәдениетті тілдер отбасының толыққанды мүшесі болып табылады.

Елші дәріс барысында ММЛУ студенттеріне қазақ тілінің байлығы мен бірегейлігі туралы баяндады. Оның бағалауы бойынша, қазақ тілі барлық түркі тілдерінің алтын ортасы болып табылады, оны білген кезде түрік, қырғыз, әзірбайжан және басқа да ұқсас тілдерді оңай үйренуге болады. "Бұл ретте біздің бәсекелестік артықшылығымыз бен күшіміз қостілділік болып табылады – Республика халқының басым көпшілігі қазақ және орыс тілдерін бірдей еркін меңгерген", – деп атап өтті Д.Абаев.

Дәріс соңында Елші аудиторияның сұрақтарына жауап берді.