Жаңалықтар

Отбасы институтын нығайту: Қазақстан мен Ресейдің тәжірибесі

20.11.2024

Мәскеуде «Комсомольская правда» медиа тобының редакциясында «Қазақстан мен Ресейдің отбасы институтын нығайтудағы тәжірибесі: дәстүрлі құндылықтарды сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға екі елдің парламентшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сарапшылары қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар мен заңнамаға енгізілген түзетулер аясында отбасы институтын нығайтуға, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлетінін атап өтті. Дәурен Абаев отбасылық саясат саласындағы бұл дөңгелек үстел соңғы жылдары осы тақырып бойынша өтіп жатқан қазақстандық-ресейлік бірлескен алғашқы іс-шара болып табылатынын атап өтті. «Қазақстан үшін де, Ресей үшін де отбасы – бұл қоғамды қалыптастыратын негізгі ұлттық құндылықтардың бірі. Бізде бөлісетін көп нәрсе бар, бір-бірімізден үйренетін нәрсе де көп», - деп атап өтті Елші.

Мемлекеттік Думаның отбасын қорғау, әке, ана және бала мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Нина Останина мұндай іс-шаралар Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы елдерінен әріптестермен үнемі өткізіліп тұратынын айтып, алайда жақын көршілермен бұл тақырып алғаш рет талқыланып жатқанымен келісті. Әрі қарай ол Ресей Федерациясының отбасылық-демографиялық саясаты саласындағы заң шығару жұмысының тәжірибесімен бөлісті. Парламентарий Ресейде қазақстандық Отбасылық кодекстің неке және отбасы, әке, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету қажеттілігі жөніндегі нормасы жетіспейтінін мойындады.

Өз тарапынан оның әріптесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов Республика халқы құрылымында жастардың үлкен үлесін ескере отырып (20 млн. қазақстандықтың 7 млн. - 18 жасқа дейінгі балалар мен жастарды құрайды, ел тұрғынының орташа жасы - 32 жас) дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дамытуға және сақтауға, балаларды қолдауға және олардың қауіпсіздігіне бағытталған нақты қадамдар қабылданып жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, әр ауданда отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді, қиын өмірлік жағдайларда атаулы көмек ұйымдастырылады, кәмелетке толмағандарды қолдау бағдарламалары іске асырылады, сондай-ақ, отбасы мен балалық шаққа қарсы қылмыс жасағаны үшін жаза қатаңдатылды.

Тақырыпты ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жалғастырды. Оның айтуынша, отбасын қолдау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі маңызды қадам дағдарыс орталықтарының ашылуы болды: қазір олардың саны 50-ден асады, өткен жылы орталықтар 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен. Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңнамаға түзетулер енгізу нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы басты жаңалық бұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру тәртібінен анықтау тәртібіне көшуі болды. 

РФ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмыс аппараты басшысының орынбасары Тарас Федотов Ресейдегі отбасылық-демографиялық саясат саласындағы жұмыстың негізгі бағыттары туралы баяндады. Мәселен, өткен жылы әйелдердің мүддесі үшін 2030 жылға дейінгі ұлттық іс-қимыл стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, баланың тууы мен тәрбиесіне байланысты бірыңғай ай сайынғы жәрдемақы енгізілді, жетім балаларға тұрғын үй сертификаттарын алуға мүмкіндік берілді және федералдық әлеуметтік жәрдемақылар индекстелді.

ҚР Бас прокуратурасының РФ-дағы арнайы өкілі Қанат Әмрин отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күрес және алдын алу саласындағы құқық қолдану тәжірибесімен бөлісті. Атап айтқанда, әртүрлі ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы отбасының әлеуметтік портретін жасауға мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске қосылуда. Бұл шаралар мемлекеттік органдарға уақтылы анықтауға және алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

РФ Президенті жанындағы Азаматтық қоғамды дамыту және адам құқықтары жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Ирина Киркораның пікірінше, бүгінде біздің елдерімізде отбасы бірінші кезекте - қатынас және бір-бірін қолдау екені жөнінде түсінік қалыптасқан. «Менің үйім - менің бекінісім» нақыл сөзіне сәйкес өз бекінісін қалыптастыру әр адам үшін өмірдің негізгі элементі болып табылады. Әлемдік деңгейде бұл жүйені бұзуға, басқа тенденциялар мен тәжірибелерді ұсынуға қанша тырысқанымен, олар біздің өмірімізде қолдау таппайды. Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құрмет тек отбасы ішінде ғана емес, мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттестіктің негізі болып табылады», – деп атап өтті ол.

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Талғат Қалиев қазіргі кезеңдегі отбасы институтының негізгі трендтері мен сын-қатерлеріне тоқталды. Олардың ішінде - өмірлік басымдықтар жүйесінде неке рөлінің төмендеуі, некеге тұру және бірінші баланы дүниеге әкелу жасының ұлғаюы, жастардың ата-анасынан тезірек бөлек шығуға деген ұмтылысы, қарама-қарсы жыныс өкілінен тәуелсіз өз өмірін өз бетінше қамтамасыз ету қабілеті, әлеуметтік желілердің отбасылық өмірдің ғасырлар бойғы негіздеріне орасан зор әсері. Мысалы, бүгінгі күнгі жастардың мақсаты үйлесімді қатынас емес, материалдық әл-ауқат тұрғысынан сәтті неке құру болып отыр.

Осыған байланысты отбасы институтын сақтаудың маңыздылығы, дұрыстығы және аса қажеттілігі туралы психолог-психоаналитик, Ресей психотерапиялық лигасының мүшесі, әйелдер, отбасы, балалар және жасөспірімдер психологиясының сарапшысы Лариса Бедова мәлімдеді. Оның пікірінше, қазіргі агрессияның, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі жағдайында отбасы институтына қауіп төніп тұр.

«Еуразиялық мониторинг» талдамалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Таисия Мармонтова оптимизмді жоғалтпауға шақырды. Мәселен, ол Қазақстан мен Ресейде мерекелерді үлкен отбасылық дастархан басында бірге қарсы алу тамаша дәстүрі әлі де бар екенін үлкен разылықпен атап өтті.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оның қатысушылары талқыланған мәселенің екі ел үшін де ортақтығын, маңыздылығы мен өзектілігін құптады. Бұдан әрі де осындай іс-шараларды өткізу, тәжірибе алмасу, күш біріктіру, маңыздылықтарды бірлесіп іздеу ұсынылды. Атап өтілгендей, бірыңғай ақпараттық және мәдени кеңістік шеңберіндегі өзара іс-қимыл, ұқсас рухани құндылықтар мен ортақ моральдық-адамгершілік бағдарлар бұған үлкен көмек бола алады.