8-925-897-71-14
8-921-188-90-60
8-905-020-30-42
8-968-100-73-06
+7-906-177-70-88
+7-939-919-76-33
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Дағыстан Республикасына жұмыс сапары аясында Екінші Халықаралық Каспий цифрлық форумына қатысты.
Бұл цифрлық экожүйені құруға және цифрлық технологияларға негізделген тұрақты және инновациялық экономиканы дамыту стратегиясын әзірлеуге арналған Каспий маңы мемлекеттері арасындағы іскерлік коммуникация алаңы. Іс-шараға, сондай-ақ Дағыстан Республикасының басшысы Сергей Меликов, РФ Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Мақсұт Шадаев, РФ Президентінің Солтүстік Кавказ федералды округіндегі өкілетті өкілінің орынбасары Владимир Надыкто, РФ СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Михаил Петраков қатысты.
Д.Абаев өз сөзінде Қазақстанда цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндап, Қазақстан мен Ресейдің осы саладағы белсенді ынтымақтастығын атап өтті. "Мұндай өзара іс-қимылдың авангарды интеграциялық бағыт болды. Дәл осы ЕАЭО шеңберіндегі цифрлық шешімдер біздің екіжақты күн тәртібімізде барынша ауқымды және серпінді сипатқа ие. Әңгіме интернет-сауданы дамыту, кедендік қызметтер мен рәсімдерді цифрландыру, онлайн-сауда, салық салу, логистика және т.б. туралы болып отыр. Бұл тәжірибе "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің цифрлық инфрақұрылымын дамытуда да қолданылатынына сенімдімін", – деп атап өтті Елші.
Форум аясында Д.Абаевтың С.Меликовпен кездесуі өтті. Тараптар маусымдағы XXVII Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форум алаңдарында Дағыстан Үкіметінің төрағасы А.Абдулмуслимовпен жүргізілген келіссөздер кезінде басталған диалогты жалғастырды. Экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту және өзара тиімді жобаларды іске асыру қажеттілігі атап өтілді. Дағыстан ірі хабы болып табылатын "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізінің дамуы тауар айналымының өсуіне үлкен мүмкіндіктер ашады.
Д.Абаев Дағыстанның бай туристік әлеуетіне назар аударып, осы саладағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді. Ресейдегі ең көне мешіттердің бірі – Дербенттегі Жұма-мешітіне барған кезде Елші әйгілі Тайказанның кәдесый көшірмесін сыйға тартты.
Сапар соңында Д.Абаев іскерлік байланыстар орнату мақсатында "Главрыба" экотуркешені жұмысымен танысып қайтты.