Жаңалықтар

Орынборлық және батысқазақстандық ғалымдар Оралда бас қосты

21.12.2017

"Ресей мен Қазақстанның шекаралас аймақтарының мәдени мұрасы» деген тақырыпта өткен халықаралық конференцияда Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың атап өткеніндей, көршілес өңірлерде ежелден мидай араласқан қос халыққа ортақ мәдени мұралар аз емес. 

Соның ішінде Орынбор облысында қазақ халқының тарихына қатысты қасиетті орындар жеткілікті. Кезінде Қазақстан астанасы болған Орынборда мемлекет қайраткерлері мен Алаш арыстарының айшықты ізі қалғаны белгілі, тарихи ғимараттар да баршылық. Сонымен қатар облыс аумағында ежелгі қорымдар мен қорғандар, көне құлпытастар аз кездеспейді. Бұларды орынборлық ғалымдармен бірлесе зерттеудің маңызы зор. Мұндай жұмыстар "Рухани жаңғыру" бағдарламасының мақсат-мүддесімен толық үндеседі.

Орынбор облысы мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары – халықаралық ынтымақтастық басқармасының бастығы, философия ғылымдарының кандидаты  Александр Калинин Орынбордағы Қазақстан тарихына қатысты ғимараттардың жақсы сақталып отырғанын, мәдени мұраларды мамандардың қатысымен жан-жақты зерттеу жұмыстарын қолға алудың маңыздылығын жеткізді.

Конференцияда сондай-ақ ҚР ҰҒА құрметті академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, БҚО тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров, Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешенінің директоры Ғайса Махимов және басқалар мәдени мұра ескерткіштеріне қатысты өз ой-толғамдарын білдірді. Мысалы, Әбілқайыр ханның зайыбы, атақты Бопай ханымның зираты Орынбор облысы аумағында жатқаны мәлім. Сондай-ақ мұрағаттарда Қазақстанға қатысты әлі толық беті ашылмаған деректер қаншама.

"DANAqaz" тарихи-танымдық журналының бас  редакторы, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазыбек Қабжан Ресейдің көршілес аймақтарындағы араб жазулы құлпытастарды жойылып кетпей тұрғанда, есепке алып, суретке түсіріп,  барынша зерттеу қажеттігін атап өтті. Сонда қазақ халқының сан ғасырлық тарихы түгенделе түсері сөзсіз. Орынборлық және батысқазақстандық ғалымдар бұдан былай да бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.