Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Калининград облысында болып қайтты

9.04.2025

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Калининград облысына жұмыс сапары өтті.

Губернатор Алексей Беспрозванныхпен кездесу барысында ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өңірлері мен Калининград облысы арасындағы тауар айналымы $91,9 млн. құраған, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 31%-ға артық. Мұндай өсу қарқыны сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, өзара инвестицияларды және кәсіпорындар арасындағы тікелей байланыстарды жандандыру үшін жоғары әлеуетті көрсетеді.

Тараптар Қазақстан мен Калининград облысының бизнес-топтары өкілдерінің кездесулерін өткізу қажеттілігін қолдады. Іскерлік байланыстарды нығайту мақсатында Елші "За Родину" балық өңдеу кешенінде, "Автотор" автоқұрастыру кәсіпорнында және Калининград кәріптас комбинатында болып қайтты.

Д.Абаев, сонымен қатар аймақтың көркем табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасына назар аудара отырып, мұражай және туристік салаларда ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.

Сапар барысында Жеңіс мерейтойын мерекелеу тақырыбына ерекше көңіл аударылды. Губернатормен бірге Елші "1200 гвардияшы" мемориалына гүл шоқтарын қойып, қала үшін шайқаста қаза тапқан Алматы облысының тумасы, Кеңес Одағының Батыры Төлен Қабыловты еске алу рәсіміне қатысты. Іс-шара жергілікті №14 мектепте өтті, мектеп қасбетінде қазақстандық жауынгердің құрметіне мемориалдық тақта орнатылған. Сонымен қатар, оның есімі Калининград көшелерінің біріне берілген.

Сапар соңында Елші "Калининград қаласы" қалалық округі әкімшілігінің басшысы Елена Дятловамен және "Калининград қаласы" қалалық округінің басшысы Олег Аминовпен кездесті. Әңгіме барысында Д.Абаев өңір халқының шамамен 13%-ы Қазақстаннан шыққандар екенін ескере отырып, Калининград пен Қазақстан қалаларының бірі арасында бауырластық байланыс орнатуды ұсынды.