8-925-897-71-14
8-921-188-90-60
8-905-020-30-42
8-968-100-73-06
+7-906-177-70-88
+7-939-919-76-33
Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі ұйымдастырған "Қазақстан – мүмкіндіктер векторы" бизнес-диалогы аясында "Қазақстан өңірлерінің инвестициялық және туристік әлеуеті" тақырыбында панельдік сессия өтті.
Іс-шараны аша отырып, оның модераторы, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев экономика, туризм және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей қатынастарын тереңдетуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Өз тарапынан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Қазақстан-Ресей қарым-қатынасында туризм саласының орасан зор және әлі игерілмеген әлеуеті бар екенін айтты. "Бізде бір-бірімізге көрсететін нәрсе көп: Ресей де, Қазақстан да табиғи-климаттық, тарихи, рухани және мәдени байлыққа ие", – деп атап өтті ол.
Оны Мәскеу Үкіметінің Туризм жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Болат Нұрмұханов қолдады. Ол бірлескен өнім құруды ұсынды, мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азиядан Қазақстанға ұшып келген туристке одан әрі Мәскеуге барып, қайтадан үйіне Қазақстан арқылы оралуды ұсынуға болады.
Мұндай трансшекаралық өнімдер өзара визасыз режимді ескере отырып, әбден мүмкін және перспективалы, деп келісті Ресей Туризм индустриясы одағының вице-президенті, Ресей Федерациясының Туризм саласындағы кәсіпкерлік жөніндегі сауда-өнеркәсіп палатасы комитетінің төрағасы Юрий Барзыкин. Оның пікірінше, туристік әлеуеттерді біріктіру және екі ел арасындағы өзара алмасуды жолға қою күшті синергетикалық әсер беруі мүмкін. Ол қазіргі уақытта белсенді, мәдени-танымдық, ауылдық, экологиялық, іскерлік туризм табысты дамып келе жатқан Қазақстанның туристік әлеуетіне жоғары баға берді.
Еуразия құрылығының жүрегінде орналасуы, бай тарихи және табиғи мұрасы Қазақстанға бірегей туристік өнім жасап шығаруға мүмкіндік береді, деп атап өтті Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің тең төрағасы – "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов. Сондай-ақ, ол республикаға шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыс туралы айтып өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің Ресей бөлімінің директоры Наталья Крючкова екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар туралы ақпаратпен бөлісті. Ол алдағы Уфада өтетін ҚР мен РФ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Іскерлік кеңестің бірлескен отырысы өтетінін айтты.
Іс-шара барысында Қазақстандағы ресейлік туристер бойынша ақпарат берілді. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ресейлік туристер саны 319 мыңнан асқан болса, бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 500 мыңға дейін өскен, яғни өсім 56% – дан астам. Бұл тұрғыда Қазақстанның Ресей шекарасына жақын өңірлері артықшылыққа ие болуда.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов өңірдің көлдер саны бойынша республикада бірінші орында тұрғанын (2300-ден астам) және орман алқабының көлемі бойынша көшбасшылардың бірі (өңірдің 8%) екенін еске салды. Имантау-Шалқар курорттық аймағы СҚО-ның інжу-маржаны болып саналады.
Өз кезегінде, өңір әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Ақмола облысының артықшылықтарына ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген үш ұлттық табиғи парк пен бір табиғи қорық кіретінін атап өтті. Сондай-ақ, өңірдің дамыған рекреациялық инфрақұрылымы (демалыс үйлері, санаторийлер, туристік базалар, профилакториялар мен пансионаттар) бар екенін хабарлады.
"Rixos Water World Aktau" қонақ үйінің сату бөлімі директорының орынбасары Людмила Цветкова Каспий теңізінің жағасында орналасқан кешен "Барлығы қамтылған" жүйесі бойынша керемет демалыс ұсынатынын баяндады. Курорт өте таза құмды жағажайда, әдемі жасыл желектердің ортасында орналасқан, онда демалу үшін тамаша атмосфера жасалған. Сондай-ақ, қонақ үй балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасын да ұсынады.
Іс-шараны қорытындылай келе, оның қатысушылары Қазақстанның инвестициялау саласындағы сенімді және перспективалы әріптес екенін және бірегей және тартымды туристік әлеуетке ие екенін атап өтті. "Туризмнің арқасында елдер туралы мифтер жойылып, қақтығыстар үшін ресурс азаяды. Туризмді дамыту бизнеске көмектесіп қана қоймай, адами қарым-қатынасты нығайтады", – деп көрсетті кездесуді аяқтай отырып, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев.