8-925-897-71-14
8-921-188-90-60
8-905-020-30-42
8-968-100-73-06
+7-906-177-70-88
+7-939-919-76-33
Мәскеуде Астананың мәдениет күндері аяқталды.
Ұйымдастырушылар Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен Астана Әкімдігі және Мәскеу Үкіметі болды.
Іс-шаралар аясында мәскеуліктер бай қазақ мәдениетімен таныса алды, ал екі астананың шенеуніктері мен кәсіпкерлері ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі.
Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен мен елордалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов бастаған делегация Мәскеу Үкіметінің министрі, Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Череминмен және Мәскеу қалалық Думасының төрағасы Алексей Шапошниковпен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ мәдени ынтымақтастық бойынша дөңгелек үстел және екі астананың туристік бизнес өкілдерінің кездесуі өтті.
Люблин саябағында ұйымдастырылған "Астана – менің махаббатым" фотокөрмесіне келушілер Қазақстан елорадысының көрнекі жерлері бейнеленген дарынды қазақстандық авторлардың жұмыстарын тамашалады.
Астананың Мәскеудегі Мәдениет күндері Мәскеу Халықаралық музыка үйінде өткен Қазақстанның өнер шеберлерінің орасан зор гала-концертімен аяқталды.
Іс-шара алдында сөз сөйлеген Астана мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов келесі жылы Астана мен Мәскеудің бауырластығы туралы келісімге 25 жыл толатынын еске салды. Оның айтуынша, Ресей астанасына келген сайын қазақстандық әртістер көрермендерге өз репертуарларындағы ең үздігін паш етеді.
Онымен Мәскеу Үкіметінің министрі, Сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черемин келісіп, махаббат пен отбасылық құндылықтарға толы таңғажайып қойылым – "Қыз Жібек" этнофольклорлық мюзиклі өзіне үлкен әсер қалдырғанын мойындады.
Өз тарапынан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев мәдени дипломатияның қарым-қатынас орнатудың ең тиімді құралы екенін атап өтті: бірлескен саяси және экономикалық жобалар ақыл-ойды жақындастырады, ал мәдениет рухани жақындыққа әкеледі. "Елдеріміздің мәдениет күндері - кеңейіп келе жатқан және ешбір жағдайда үзілмеуі тиіс маңызды, қажетті және жақсы дәстүр. Өйткені, ол біздің халықтарымыздың рухани байланысын, достығы мен одақтастығын нығайтады", – деп атап өтті Елші.
Бұл концерттік кештегі атмосфера шынымен де ерекше мерекелік болды. Көрермендер қазақстандық сахна жұлдыздарының өнерін сүйсіне тамашалады. Олардың қатарында әйгілі опера жұлдыздары Нұржамал Үсенбаева мен Сүндет Байғожин, қазақстандық эстрада аңызы Роза Рымбаева, Ержан Тоқсабанов пен Михаил Кандауровтың орындауындағы домбыра мен балалайканың бірегей музыкалық дуэті, "Сарыарқа" фольклорлық ансамблі және Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық оркестрі, "Turan" этно-фольклорлық ансамблі, халықаралық байқаулардың лауреаты Назым Сағынтай, балет әртістері Бақтияр Адамжан және Әйгерім Бекетаева, "Үлкен опера-2023" тележобасының жеңімпазы Дінмұхамед Көшкінбаев, "Новая волна-2014" балалар байқауының жүлдегері Мұхаммедәли Жүгінісов және "Junior Eurovision-2020" халықаралық байқауының жүлдегері Қарақат Башанова, виртуоз-пианист Темірлан Бейсенбай болды.
Гала-концерт керемет қошеметпен өтті. Көрермендер ұзақ уақыт бойы өнерпаздарды жібергісі келмеді. Мәскеуліктер ортақ музыка тіліндегі әсерлі қойылымдар арқылы бай қазақ мәдениетімен танысып, ұмытылмас эмоцияларға ие болды.