Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Челябі облысының губернаторы А.Текслермен кездесті

22.11.2023

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Челябі облысының губернаторы Алексей Текслермен кездесті. Кездесу Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі "Ресей" халықаралық көрмесі мен форумында облыстың күндері аясында өтті.

Тараптар ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін жоғары бағалады. Челябі облысының экспорты мен импортындағы Қазақстанның үлесі 25 пайызды құрайды. Ресей Федерациясының барлық субъектілерінің ішінде облыс Қазақстанға өз өнімдерін экспорттау бойынша Мәскеуден және Мәскеу облысынан кейін үшінші орында. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 2 миллиард долларға жуық болса, биылғы сегіз айда 1,2 миллиард долларды құрады. Қазақстанда Челябі облысы компанияларының қатысуымен бірқатар инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, географиялық жақындық екі жақтың мүдделері үшін көліктік-транзиттік әлеуетті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.

Келіссөздер шеңберінде Өскемен арматура зауыты мен мұнай-газ секторындағы, кеме жасаудағы, энергетикадағы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстағы жобаларға арналған өнімдердің ірі өндірушісі Челябі "КОНАР" компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Кездесуге қатысушылар қол қойылған келісім өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің тағы бір дәлелі екенін атап өтіп, жобаның сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді.