Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев қазақстандық студенттермен кездесті

15.09.2023

Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің "Қазақстан" павильонында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев пен Мәскеудегі жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттерінің кездесуі өтті.

Дипломатиялық миссия басшысы жиналғандарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Ол елімізде мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлінетінін еске салды. Соның нәтижесінде қызметтің көптеген бағыттары үшін сапалы кадрлық резерв құрылады. Осы тұрғыда Елші сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталып, мемлекет жастарды оқыту мен одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта да қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасайтынына сендірді.

"Қазақстандағы жаңғыру мен реформалар үдерісі инновацияларды табуға және енгізуге қабілетті, цифрлық экономика процестерін түсінетін, ақпараттық коммуникациялар мен заманауи технологиялардың ерекшеліктерін түсінетін мамандарды үнемі толықтыруды талап етеді. Бүгінгі ғылым мен техниканың алға басуы соншалық, өзін өзі дамытпағандар артта қалуға мәжбүр. Сондықтан үнемі білім мен жаңа дағдыларды меңгерген адамдар ғана сұранысқа ие және табысты болады", – деді Дәурен Абаев.

Кездесудің одан әрі барысы диалог түрінде өтті, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды.

Соңында студенттер шағын концерттік бағдарлама ұсынып, университеттердегі өз қауымдастықтарының қызметі туралы презентация жасады.