Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Федерация Кеңесінің басшылығмен кездесті

14.09.2023

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин және Жоғарғы палатаның халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Григорий Карасиннің кездесуі өтті.

Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен келешегі, оның ішінде парламентаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды. Кездесуде шекара маңындағы су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық мәселелерін бірлесіп шешу, гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету, білім, мәдениет және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Екі елдің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты ынталандырудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптар Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс туралы естелікті сақтауға ниетті екендерін айтты.

Дәурен Абаев ресейлік сенаторларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырып, елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық қайта құрулар туралы сөз етті.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатымен ынтымақтастық жөніндегі комиссияның ресейлік бөлігінің тең төрағасы Андрей Яцкин парламентаралық өзара іс-қимылдың оң динамикасын атап өтіп, оны одан әрі кеңейту керектігіне назар аударды.