Жаңалықтар

Ғ.Мүсірепов атындағы театр Мәскеуде өнер көрсетті

31.05.2023

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры А.П.Чехов атындағы XVI халықаралық театр фестивалі аясында Моссовет театрының сахнасында қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің "Құлагер" поэмасы бойынша қойылған осы аттас спектаклін ұсынды.

Ақан сері мен оның сүйікті тұлпары Құлагердің қайғылы қазасын жас режиссер Фархад Молдағали саунд-драма жанрында сахналады. Бұл музыкалық-пластикалық форма, мұнда дыбыс, музыка, сөйлеу және қозғалыстың интонациялық үлгілері біріктіріліп, режиссерлік метафора ашылады.

Театр әртістерімен бірге сахнада "Steppe Sons" этно-заманауи джаз тобының музыканттары өнер көрсетті. Осылайша, қазақтың халық музыкалық аспаптары мен дауыстарының қуатты дыбысы джазды орындаудың нәзік стилімен ұштастырылды.

"Құлагердің" премьерасы 2020 жылдың наурыз айында өтті. Алайда, кейін пандемияға байланысты көрсетілім жүргізілмей қалды, – дейді қойылым режиссері Фархад Молдағали. – Қазақ театры Чехов фестиваліне алғаш рет қатысуда. Осындай беделді форумда өз жұмысымызды ұсыну біз үшін үлкен мәртебе".

"Мәскеуде өнер көрсету өте беделді, қуанышты және қызықты. Көрерменнің көңілінен шығады деп үміттенемін", – деп режиссердің сөзін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, театр әртісі Лидия Каденова жалғады.

Құлагер рөлін орындаушы Мақсат Сәбитов оған жылқыға айналу өте қиын болғанын айтты. "Ол жануар болғанымен, оның бойында адамдық қасиеттер бар. Мәскеу премьерасы спектакльді басқа елдердің театрларында көрсету жолындағы алғашқы қадам болады деп үміттенемін", – деді ол.

Мәскеулік көрермен атақты шығарманың өзіндік интерпретациясын жоғары бағалап, қойылымды жылы қабылдады.

"Спектакль өте ұнады. Актерлар өте керемет өнер көрсетті. Бір кездері бір елде бірге өмір сүрген халықтың ұлттық дәмін қайтадан сезіну жағымды және қызықты болды", – деп мойындады көрермендердің бірі Наталья Константинова.

"Әртістер өздерінің әдемі дауыстарымен және тамаша дене бітімімен тәнті етті", – дейді кештің тағы бір қонағы Любовь Зубрицкая.

"Үздіксіз шапалақ ұрдым. Көзіме де жас алдым. Өте жанды және түсінікті. Тілі басқа болса да, мен бәрін аудармасыз түсіндім, қазақ мәдениетіне сүңгіп кеттім", – деді Виолетта Орлова.

Спектакль қарсаңында труппа мүшелері Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде болды. Елші Ермек Көшербаев атап өткендей, мұндай мәдени-гуманитарлық жобалар халық дипломатиясының дамуына, бейресми, тұлғааралық байланыстарды нығайтуға, халықтың қалың жігі арасында қазақ мәдениетін насихаттауға баға жетпес үлес қосады.