Жаңалықтар

Мәскеуде Қазақстан Парламенті Мәжілісіне сайлаудың қорытындысы талқыланды

20.03.2023

Бүгін Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлау қорытындысы бойынша Мемлекеттік Дума депутаттарының, белгілі ресейлік ғалымдардың, сарапшылар мен саясаттанушылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Отырысты ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев сайлау жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Атап айтқанда, парламент 2004 жылдан бері алғаш рет ішінара мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады. Ол өткен сайлау елдегі үлкен өзгерістердің маңызды бөлігі болып табылатынын, бір жылдан аз уақыт ішінде мемлекеттік және қоғамдық өмірде бұрын-соңды болмаған ауқымды қайта құрулар жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, сайлау қорытындысы бойынша қазақстандықтар жаңа парламентті көреді, ол шын мәнінде қызу пікірталастар жүргізілетін биліктің инклюзивті өкілді органы болады.

Мемлекеттік Думаның депутаты, Ақпараттық саясат, ақпараттық технологиялар және коммуникациялар комитетінің мүшесі Антон Ткачев саяси платформасы ресейлік "Новые люди" партиясына көп жағынан ұқсас "Республика" партиясының жоғары нәтижелеріне назар аударды. "Жастар Парламентке сыни тұрғыдан да, ұсыныспен де келеді. Мен жастық батыл қадам пайдалы шешімдерге әкелетініне сенімдімін", – деп атап өтті депутат. Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруға үміт білдірді.

Бұл пікірді ресейлік өнертанушы, мәдениет менеджері Камила Байділдина қолдау көрсетті. Оның пікірінше, "Республика" партиясының жетістігі азаматтардың өзгерістерге деген ұмтылысын, сайланған депутаттармен бірге жаңа прогрессивті әрекеттердің болатынын көрсетеді.

Ал, "Ауыл" партиясының жетістігін Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институтының Әлемдік саясат және стратегиялық талдау орталығының ғылыми қызметкері Александра Перминова қозғады. "Ауылдың" жергілікті партия ретіндегі рөлі Қазақстан үшін өңірлік саясаттың жаңа мәнге ие болып келе жатқанының көрсеткіші", – деді сарапшы. Осыған байланысты, ол пандемиядан кейінгі кезеңде шекаралардың ашылуымен жаңа серпін алған Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық пен өндірістік кооперацияның өсуін күтетінін айтты.

Тақырыпты РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Н.Н.Ливенцев атындағы халықаралық экономикалық қатынастар және сыртқы экономикалық байланыстар кафедрасының профессоры Игорь Филькевич жалғастырды. Оның айтуынша, өткен Мәжіліс сайлауы Қазақстанда алдағы жылдары елде қайта құрулар өткізетін өте қызықты партиялар тобының құрылғанын айғақтайды. Ол жаңа сайланған депутаттар Қазақстанның одан әрі табысты дамуына, оның Ресеймен одақтастық және әріптестік қарым-қатынастарына күш салатынына сенім білдірді.

Дипломатиялық қызмет ардагері, РФ Орталық сайлау комиссиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Владимир Грачев Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Мәжілісте жаңа тұлғалардың пайда болғанын оң деп бағалады. Олардың келуімен Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы бұдан да жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін екендігін атап өтті.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу ақпараттық-сараптамалық орталығының директоры Дарья Чижова бұл сайлауды бір жылға жуық уақытқа созылған сайлау циклінің нүктесідеп атады. "Науқанның өзі өте қызықты өтті. Барлық қатысушыларға өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Мажоритарлық жүйенің оралуының арқасында біз әртүрлі, көбінесе полярлық пікірлердің кең ауқымын көрдік", – деді ол.

Осы пікірге "Минченко Консалтинг" коммуникациялар холдингінің талдау бөлімінің басшысы Кирилл Петров қосылды. "Партиялар саны артты. Саяси көзқарастардың өкілдігі кеңейді. Осы тұрғыда, науқанның нәтижесінде Қазақстан егемендік плюрализмге жетті деп айта аламыз", – деді сарапшы.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстелге қатысушылар халық сенімінің жаңа мандаты Мәжіліске ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Олардың негізгі мақсаты елді одан әрі демократияландыру, азаматтардың, бизнестің, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне және ел ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген экономика құру, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру болмақ.