Жаңалықтар

Қазақстандық дипломаттар Ржевте жерлестерімізді еске алды

3.03.2023

Бүгін Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің делегациясы Ржев қаласын (Тверь облысы) фашистік басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты.

Еске алу рәсімі аясында дипломаттар 100-ші және 101-ші жеке атқыштар бригадасының қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Ол 2010 жылы ашылып, 2018 жылы қайта өңделген болатын.

Екі бригада да, сондай-ақ тағы алты қазақстандық құрама 1942-1943 жылдары Ржев түбінде "Марс" әскери операциясы кезінде ерлікпен шайқасып, ұрыс кезінде жеке құрамның 80 пайыздан астамынан айырылды. Елшілік қызметкерлері басқыншыларға Сталинград маңында қоршауда қалған Паулус тобына көмек күштерін жіберуге мүмкіндік бермеген жерлестердің рухына тағзым етті. Ржев шебі Мәскеу үшін шайқаста ерекше рөл атқарды.

Сонымен қатар, дипломаттар еске алу шаралары барысында Кеңес жауынгері мемориалына, "Ржев – әскери даңқ қаласы" стелласына, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырларына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

ҚР РФ Елшілігінің Кеңесші-Уәкілі Ерлан Шәмішев қазақстандықтар соғыс жылдарында ерлік пен қаһармандық көрсеткен батырларын әрдайым еске алып, құрмет тұтатынын айтты. Бұл қайғылы оқиға енді қайталанбауы үшін ортақ тарихымызды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

ҚР РФ Елшілігінің әскери атташесі Ержан Ермекбаев биылғы жылы Ұлы Отан соғысының ең ірі шайқастарының мерейтойлық даталары басталғанын (Сталинград және Курск шайқастарына 80 жыл, Ржевтің азат етілгеніне 80 жыл) және олардың 2025 жылы атап өтілетін Жеңістің 80 жылдығына дейін жалғасатынын еске салды. "Біздің ата-бабаларымыз халқымыздың болашағы, бейбітшілігі, гүлденуі мен бақыты жолында ерлік жасады. Соның арқасында біз бүгін бақытты өмір сүріп, қуанып, бала тәрбиелеп, достықты нығайтып жатырмыз", – деді. 

Анықтама үшін:

Ржев шайқасы Ұлы Отан соғысындағы ең қанды шайқастардың бірі болды. Кеңес әскерлерінің жалпы шығыны хабарсыз кеткендер мен жараланғандарды есепке алғанда 1,3 миллионнан астам адамды құрады. Қала 1943 жылы 3 наурызда басқыншылардан азат етілді. Соғысқа дейін оның халқы 56 мың адамды құрады. Соғыс қимылдары мен оккупация нәтижесінде қала жермен-жексен болды. Ржевте тұтқынға алынған 20 мың адамның, аудан бойынша шамамен сонша адамның ішінде азат етілген күні қалада 150 адам, ауданмен қоса алғанда 362 адам аман қалды.