Жаңалықтар

Қазақстандық делегация Екатеринбургтегі ИННОПРОМ-2022 көрмесіне қатысады

26.05.2022

Бүгін Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ермек Көшербаев пен Свердлов облысының губернаторы Евгений Куйвашевтің кездесуі өтті. 

Қазақстан мен орал өңірі арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегі талқыланды. Тараптар 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге артқан $1,5 млрд құрайтын өзара тауар айналымының өсуіне тоқталды. Свердлов облысының тауар айналымы құрылымында Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орынды иеленді.

Өзара ықпалдастық әлеуетін дамытудың жақсы мүмкіндіктері бар екені атап өтілді. Осы тұрғыда 2022 жылғы 4-7 шілдеде Екатеринбургте өтетін "INNOPROM" XII халықаралық өнеркәсіп көрмесіне үлкен үміт артылып отыр. Іс-шараға ҚР Үкіметінің жоғары делегациясы келеді, оған елдің барлық өнеркәсіп салаларының атынан 200-ге жуық қазақстандық компания қатысады деп күтілуде. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып "INNOPROM" көрмесінің серіктес елі мәртебесін алды.

Евгений Куйвашевпен кездесу Ермек Көшербаевтың Екатеринбургке сапарының қисынды жалғасы болды. Өзара тиімді байланыстарды дамыту мәселелері Свердлов облысы губернаторының бірінші орынбасары Алексей Шмыков, губернатордың орынбасарлары Василий Козлов және Дмитрий Ионин, аймақтық заң шығару жиналысының төрағасы Людмила Бабушкина, Екатеринбург басшысы Алексей Орлов, Ресей мыс компаниясының президенті Всеволод Левин, «Пенотерм» компаниясының басшысы Андрей Бахтеевпен талқыланды.

Атап айтқанда, Алексей Шмыков білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастыруды ұсынды. Қазір оралдық университеттерде қазақстандық үш мың студент білім алуда, Универсиада кентінің құрылыс алаңында Орал федералдық университетінің кампусы іске қосылғанда шетелдік, оның ішінде Қазақстаннан да студенттерді қабылдауды арттыруға мүмкіндік туады. Сондай-ақ тараптар бірлескен мәдени және спорттық іс-шараларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Өз кезегінде Алексей Орлов қазақстандық қалалармен бауырмалдық келісімдер орнатуға мүдделі екенін және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімдер жасауға дайын екенін атап өтті.

Кездесулерге қатысушылар Свердлов облысында қазақстандық банктердің филиалдарын ашу, қолданыстағы инфрақұрылымды пайдалана отырып, жаңа логистикалық желілерді құру бойынша жұмысты жандандыру, өңіраралық өндірістік кооперацияны орнату, оның ішінде қоныс аудару мәселелерін талқылады. Осы үдерістерді жандандыру мақсатында 2022 жылдың күзінде Нұр-Сұлтан қаласында Свердлов облысының күндерін өткізу жоспарлануда, оның аясында көрмелер, тұсаукесерлер, іскерлік конференциялар өтеді.

Екатеринбургте Ермек Көшербаев Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстыру рәсіміне қатысты. Ол еліміз экологиялық туризмнен іскерлік туризмге дейінгі туризмнің барлық түрлерін дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие екенін атап өтіп, Орал өңірінің халқын елімізге шақырды.

Сапар барысында Елші Свердлов облысындағы қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесті. Қазіргі уақытта өңірде 5 мыңға жуық отандасымыз тұрады. Кездесу барысында қазақ тілін үйренуге қатысты өзекті мәселелер мен бірлескен гуманитарлық жобалар қозғалды.