Жаңалықтар

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс экономикалық форумына қатысады

17.08.2021

Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев РФ Президентінің кеңесшісі, Шығыс экономикалық форумы ұйымдастыру комитетінің жауапты хатшысы Антон Кобяковпен кездесті.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелері, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы делегациясының ағымдағы жылғы 2-4 қыркүйекте Владивосток қаласында өтетін VI Шығыс экономикалық форумына қатысуы талқыланды.

Ермек Көшербаев атап өткендей, аталған алаң Қиыр Шығыстың өңірлерімен және олардың аумағында іске асырылып жатқан жобалармен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді. Пленарлық отырысқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта қатысады деп күтілуде.

Форум аясында қазақстандық делегацияның Ресейдің мемлекеттік органдарымен, іскер топтар өкілдерімен, сондай-ақ шетелдік қонақтармен кездесулері жоспарланып отыр.

"Біздің мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар тұрақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейінде тұр және олар жоғары саяси деңгейде де, министрліктер, ведомстволар мен парламенттер деңгейінде де тату көршілік рухында дамуда. Пандемия жағдайында Ресей Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі болып қала береді, екі ел арасында жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды құруды жалғастыруда. Шекаралық ынтымақтастық аясындағы кездесулер форматының келешегін атап өткім келеді. Бұл ретте біздің елдерде ШОБ санының артуына және олардың жайлы жұмыс істеуіне ықпал ететін саяси ғана емес, сонымен қатар экономикалық серіктестікті дамыту маңызды", – деді Антон Кобяков.

Сондай-ақ, тараптар Үлкен Еуразиялық әріптестік кеңістігінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында Ресей мен Қазақстанның құқық саласындағы өзара іс-қимылын жолға қою қажеттілігін, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы сияқты халықаралық іскерлік іс-шаралар шеңберіндегі өзара іс-қимылды қарастырып, екі елдің іскер топтары арасындағы қатынастарды тереңдету мақсатында Росконгресс Қоры мен Қазақстанның әріптестік ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мүмкіндігін талқылады.