Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей Жайық пен Ертіс трансшекаралық өзендерінің экожүйесін сақтау мен қалпына келтіру бойынша бірлескен шаралар Бағдарламасын қабылдады

4.12.2020

Бүгін Мәскеу қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловпен кездесті. Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты тиімді пайдалану саласындағы бірқатар стратегиялық маңызды құжаттарға қол қойылды.

Ресми кездесуде қабылданған құжаттардың ішінде Жайық трансшекаралық өзені экожүйесін сақтау және қалпына келтіру туралы 2021-2024 жылдарға арналған қазақ-ресей әріптестік бағдарламасы бар.

Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, соңғы жылдары Жайық өзенінің ағыны төмендеп, балықтардың уылдырық шашатын алқабының тоқырауына соқтырған. Бұл Каспий теңізі бекіресі өндірісіне кері әсерін тигізді.

"Жайықтың тартылуы біздің елдеріміздің ортақ экологиялық проблемасы. Бұл жағдай жалпы өзен бассейнінің флорасы мен фаунасының нашарлауына әсерін тигізді. Сондықтан салдарды азайту мақсатында өзен ағынын реттеу бойынша, әсіресе, су тасқыны кезеңінде кешенді шаралар жасау керек. Қабылданған бағдарлама бұл бағытта тиімді нәтижелерге қол жеткізуге, жалпы, Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтап қалуға септігін тигізетініне сенімдімін",  деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Айта кетейік, Жайық трансшекаралық өзені экожүйесін сақтау және қалпына келтіру туралы 2021-2024 жылдарға арналған қазақ-ресей әріптестік бағдарламасы экожүйені қалпына келтіру бойынша ғылыми-негізделген ұсыныс әзірлеу, ластану көздерін анықтап, инвентаризациялау, су өткізгіш нысандарды реконструкциялау, бассейннің су нысандарын тазалап, қалпына келтіру сияқты маңызды іс-шараларды қамтиды. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында Жайық өзені бассейнін сауықтыруға бағытталған шаралар тізімі бекітіледі.

"Бағдарламаның әрбір бағыты екі ел сарапшыларының кешенді және кең ауқымды жұмыстарының нәтижесі. Оның қабылдануы үшін қалыптасқан жағдай мен жүзеге асу перспективасы терең сараланды. Бұл бірлескен өте үлкен жұмыс. Біз өз кезегімізде әрі қарай да Жайық өзені бассейніндегі ахуалды жақсарту жолында жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін күш салуға дайынбыз",  деді Қазақстанның экология министрі.

Кездесудегі күн тәртібінің тағы бір маңызды пункты екі елдің Ертіс өзені алабы экожүйесін сақтау мен қалпына келтірудің 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдау болды. Бағдарлама актуалды проблемаларды шешу бойынша іс-шаралар кешенін қарастырады. Бағдарлама аясында су өткізу нысандарын реконструкциялау, су нысандарын қалыпқа келтіру, сарапшылардың өзен алабының гидрологиялық және гидрохимиялық жағдайы бойынша бірлескен жұмыс жүргізуі мен еріктілер қозғалысын жандандыру және тағы басқа жобалар жоспарланады.

Бұдан бөлек, жүздесу аясында Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары қатысатын XVII аймақаралық әріптестік форумына дайындық барысы талқыланды. Форум 2021 жылы Көкшетауда өтеді.

"Бүгін өте маңызды және конструктивті кездесу болды. Қазақстан мен Ресей түрлі салаларда, оның ішінде экология мәселелерінде де стратегиялық әрі сенімді әріптестер. Бағдарламаның қабылдануы әрі қарайғы тығыз әріптестікті нығайту мен трансшекаралық өзендер мәселесін шешуге септігін тигізетін бірлескен кең ауқымды шаралар спектрін анықтайды",  деп қорытындылады Мағзұм Мырзағалиев.