Жаңалықтар

Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің СІМ басшыларының кездесуі өтті

9.09.2020

Бүгін Мәскеуге сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының Сыртқы  істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары саясат жәна экономика салаларындағы екіжақтық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайын және оның даму келешегін талқылады, халықаралық деңгейдегі күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша көзқарастарын салыстырып қарады, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке бағытталған күш-жігерді үйлестіруге, сондай-ақ коронавирус инфекциясының таралуына қарсы бірлесіп күресуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесудің қорытындысы бойынша Астраханьдағы Қазақстан консулдығының мәртебесін бас консулдық дәрежесіне көтеретін және Оралдағы Ресей консулдығының мәртебесін бекітетін хаттамаға қол қойылды.

Баспасөз конференциясында қазақстандық студенттердің Ресейге кіруі туралы сұраққа Сергей Лавров нақты мерзімдердің таяу арада анықталатынын хабарлады. Ол келетін студенттердің белгілі санын апталарға бөліп үлестіру керек екенін түсіндірді және бір айдың ішінде бұл мәселе шешіледі деген үмітін жеткізді.

"Шекараларды ашуға келер болсақ, барлығы эпидемиология билігіне байланысты, олар әрдайым байланысты. Тамыз айының соңында тиісті келіссөздер жүргізілді. Қалыпты жағдайға мүмкіндігінше жылдам оралғымыз келеді деген ортақ тілегіміз бар. Коронавируспен күрес және пандемиямен байланысты жалпы жағдай алдағы келешекте осыған қол жеткізуге мүмкіндік береді деп үміттенемін", – деп түйіндеді Сергей Лавров.

Мүхтар Тілеуберді коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны Қазақстанға жеткізу туралы сұраққа жауап бере келе, тамыздың соңында Ресейдің тікелей инвестициялық қорымен кепілдендірілген жеткізу көлемі туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлап, Қазақстан да өз вакцинасын әзірлеп жатқанын еске салды, оны жаппай өндіру келесі жылдың ақпан айында іске қосылады деп жоспарлануда.

Жалпы алғанда, тараптар сыртқы істер министрліктерінің өзара әрекеттестігін әрі қарай дамытуға ниетті екенін растады және Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Осы тұрғыда сыртқы саяси ведомство басшылары алдағы күзде мемлекет басшыларының қатысуымен Көкшетау қаласында өтетін екі елдің Өңіраралық ынтымақтастық форумының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Фотогалерея