Жаңалықтар

Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Жаңа жылмен құттықтады

30.12.2019

Қазақстан Президентінің атына бірқатар мемлекеттің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен Жаңа жылмен құттықтаған жеделхаттар келіп түсуде.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өзінің жаңа жылдық құттықтауында 2019 жылдың Қазақстан үшін айтулы оқиғаларға толы болғанын, соның ішінде, биліктің Конституцияға сәйкес ауысқанын және Мемлекет басшысының сайлаудағы айқын жеңісін атап өткен.

"Бізге Ресей мен Қазақстан арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастардың әлеуетін толықтай сақтап қалғанымыз ғана емес, сондай-ақ, стратегиялық серіктестікті, одақтастықты және тату көршілікті нығайту үшін бірлескен  жұмыстарды жалғастыру маңызды. Оған Мәскеу мен Нұр-Сұлтанның Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарт  ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы күш-жігерінің үйлесім табуы тың серпін берді. Келе жатқан жаңа жылда мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастық қарыштап дамитынына сенімдімін", – делінген Ресей көшбасшысының құттықтау хатында.