Қазақстан РеспубликасыныңРесей Федерациясындағы Елшілігі

«Бүгінде Қазақстан мен Ресей Федерациясының қарым-қатынасы өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеде және біз әрі қарай да осы бағытта жылжитын боламыз»

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

На главную [RUS]

Жаңалықтар

"Астана Опера" Красноярскте П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсының бірегей қойылымын ұсынбақ

30.09.2019

"Астана Опера" театры Дмитрий Хворостовскийдің бірінші халықаралық фестиваліне қатыспақшы, аталмыш шара әйгілі әншінің мәдени мұрасын сақтауға әрі қолдауға бағытталған. Қазанның 23 және 25 күндері Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.Чайковскийдің "Евгений Онегин" опералық жауһарының ғаламат қойылымын сахналайды, ал 24 қазанда Красноярск өлкелік филармониясының Үлкен концерттік залында көрермен назарына қызықты да тартымды симфониялық бағдарлама ұсынады.

Театр репертуарына "Евгений Онегин" операсы жақында ғана енді, алайда көрермен қауымның сүйікті қойылымына айналып үлгерді. Әрине, таң қалатын жайт емес, себебі лирикалық кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесін нәзік әрі дәл бейнелейтін П.Чайковскийдің кемеңгер музыкасы бір жарым ғасыр бойы тыңдаушылардың жүрек қылын тербетіп келеді. Қойылым тобының құрамын "Астана Опера" театрының бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев бастады. Спектакльдің музыкалық жетекшісі әлемнің әр бұрышында, соның ішінде Ресейдің Үлкен театрында, Тель-Авивтегі гастрольде осынау операға қаншама рет дирижерлік етті, келер жылы Хельсинкидегі Финн ұлттық опера театрында аталмыш операға дирижерлік етпек.

"Ұлы әнші Дмитрий Хворостовскийге арналған фестивальге шақырғаны көңіл қуантады. Біз "Евгений Онегин" операсының жаңа қойылымын ұсынамыз, бұл – қызықты, көріністі, символикалық спектакль. Дмитрий Хворостовский П.Чайковскийдің жауһар туындысында әлемнің үздік сахналарында басты партияны орындаған, оның интерпретациялауындағы бейнені үлгілі деп атауға болады, біздің баритондар үшін рөлдің өзіндік қыр-сырын жеткізу үлкен мәртебе. Атақты вокалистің туған қаласы, сүйікті тыңдармандары бар Красноярскте өнер көрсету де труппа үшін айтулы оқиға болмақ. Гастрольдік бағдарламаға сонымен қатар симфониялық концерт те енді. "Астана Опера" ұжымы үшін шетелде қазақ классикалық музыкасын дәріптеу аса маңызды, сондықтан красноярлық тыңдармандарды ХХ ғасырдағы қазақстандық сазгерлердің керемет туындыларымен таныстырмақшымыз", – деп атап өтті маэстро Алан Бөрібаев.

Көрнекті композитор паритурасында шарықтаған, пушкиндік Татьяна сезімінің асқақтығынан және ақынжанды жан-дүниесінен шабыт алған қоюшы режиссер Давиде Ливермор П.Чайковский  операсының  өзіндік  айрықша түсінігін ұсынады. Қоюшы сценограф – Франческо Калканини. Костюмдер бойынша суретшілер – Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы хореограф – Елена Шерстнева, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони, жобаның техникалық жетекшісі – Виктор Караре.

Басты партияларды "Астана Опера" театрының жетекші солистері орындайды: Татьяна – Айгүл Ниязова, Галина Чеплакова, Евгений Онегин – Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин. Владимир Ленский – Медет Чотабаев, Жан Тапин, Ольга – Татьяна Вицинская, Дина Хамзина, Князь Гремин – Барсег Туманян, Евгений Чайников. Ларина – Гүлжанат Сапақова, Маргарита Дворецкая, Күтуші – Салтанат Мұратбекова, Трике – Рамзат Балакишиев, Бейімбет Таңарыков, Зарецкий – Жанат Шыбықбаев, Ержан Саипов, Рота бастығы – Шыңғыс Расылхан, Мағжан Аманжолов.

"Астана Опера" симфониялық оркестрі және хоры опералық спектакльге қатысып қана қоймай, фестивальде тартымды симфониялық бағдарлама ұсынады. Музыканттардың шебер орындауында қазақстандық классиктер мен заманауи авторлардың, соның ішінде Еркеғали Рахмадиевтың "Мерекелік кантатасы", Тілес Қажығалиевтың "Қыз қуу" аспаптық туындылары, Ақтоты Райымқұлованың "Аспан көші" балетінен адажио, сондай-ақ шетелдік композиторлардың шығармалары шырқалады.

Ғазиза Жұбанованың Скрипка мен оркестрге арналған концерті, III бөлімін  П.Чайковский атындағы X Халықаралық жасөспірімдер байқауының лауреаты жас скрипкашы Ақбике Алғи ұсынады. Красноярск тұрғындары мен қонақтары сондай-ақ қазақ халық аспаптарының әуенінен ләззат ала алады, солистер Руслан Баймурзин (домбыра), Саджана Мурзалиева (қобыз) Төлеген Мұхамеджановтың "Туған жер" туындысының тамаша талдауын ұсынады. Рахат-Би Абдысагинның "Өмірге құштарлық" және Людвиг ван Бетховеннің Фортепиано мен оркестрге арналған № 5 концерті, ми-бемоль мажор, ор.73 туындысын оркестр музыканттары пианист Лев Винокурмен (Ресей-Германия) бірге әріптестікте орындайды. Кеш Александр Бородиннің "Князь Игорь" операсынан "Қыпшақ билері" нөмірімен аяқталады.

Мемлекеттік органдар

Пайдалы сілтемелер