Жаңалықтар

Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрі болып тағайындалды

18.09.2019

Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалды.

Осыған дейін, ол Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Мұхтар Тілеуберді 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетін бітірген, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка институтында және Йенсе Университеті (Корей Республикасы) жанындағы Тілдер институтында тәжірибе алған.

Университетті аяқтағаннан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия тарихы және қытай филологиясы кафедраларында жұмыс істеген.

ҚР СІМ-дегі дипломатиялық қызметін 1993 жылы атташе болып бастады, Орталық аппараттағы мансаптық өрлеуі барысында Азия елдері басқармасының үшінші хатшысы, Азия департаментінің бірінші хатшысы, Екіжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы лауазымдарын иеленді. Шетелде ҚР-дың Корей Республикасындағы Елшілігінде екінші хатшы және ҚР-дың Израиль Мемлекетіндегі Елшілігінде кеңесші болып қызмет етті.

ҚР Президентінің Әкімшілігінде Мемлекеттік хатшының сыртқы саясат мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді. 2003 жылы Сыртқы істер Вице-Министрі болып тағайындалды.

2004 жылы ҚР-дың Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және 2005 жылдан бастап Индонезия Республикасындағы, Брунейдегі, Даруссаламдағы және Филиппин Республикасындағы Елшісі қызметін қоса атқарды.

2009 жылы ҚР-дың Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды және Лихтенштейн Княздігі мен Ватикан Мемлекетінде Елші қызметін қоса атқарды, сонымен қатар Женевадағы БҰҰ-ның Бөлімшесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда ҚР-дың Тұрақты Өкілі болды. 2015 жылы ҚР-дың Иерусалимдік Әулие Иоанн Егеменді Әскери Госпитальерлер Ордені жанындағы, Родостағы және Мальтадағы қоса атқарушы Елші болып аккредиттелді.

2016 жылдың наурызынан бастап – ҚР Сыртқы істер Министрінің Бірінші орынбасары.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.), «Астананың 10 жылдығы» (2008 ж.), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.), «ШЫҰ-ға 10 жыл» (2011 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.), “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл", (2016 ж.); “Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл", (2017 ж.); “Астана 20 жыл", (2018 ж.) мерейтойлық медальдарымен және «Ерен еңбегі үшін» (2014 ж.), медалімен марапатталған. ҚР Президентінің алғыстары жарияланған (2003 ж., 2010 ж.).

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.