Жаңалықтар

ММУ-дің қазақстандық филиалына бөлек ғимарат берілуі мүмкін

22.04.2019

Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы үшін бөлек ғимарат беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының бір студентіне жылына қанша қаржы бөлінетінін сұрады.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари әрбір бакалавриат студентке 1 млн 690 мың теңге, ал магистрант үшін 1 млн 790 мың теңге бөлінетінін жеткізді. "М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің Мәскеудегі бас университетінде оқыту 2 млн 600 теңгеге жетеді. Ал қазақстандық филиалда оқыту құны 40 пайызға арзан. Бүгінде Қазақстандағы 1 млн 690 мың теңге коммуналдық төлемді де қамтиды", – деді вице-министр.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, келісім бойынша қазақстандық филиал үшін бөлек ғимаратпен қамтамасыз ету қарастырылған. Себебі ММУ-дің филиалы бүгінде осы уақытқа дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында жұмыс жасауда.

"Жаңа келісімге сәйкес, Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы үшін бөлек ғимаратты ұсыну ескерілген. Бұл ғимарат ММУ филиалы меншігіне берілмейді, яғни Қазақстан иелегінде қалады. Келісімнің мерзімі аяқталса, онда ғимарат еліміздегі мекемелердің пайдалануына беріледі", – вице-министр дедi.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенатта «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысының талқылауына шығару туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды.Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді.

Айта кетейік, Қазақстандық филалдың қызметін одан ары заңнамалық тұрғыда бекіту мақсатында 2017 жылғы 9 қарашада Челябинск қаласында ҚР Үкімет мен РФ Үкіметі арасында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім филиалдың жұмыс істеуін реттейді. Онда оқыту Мәскеу мемлекеттік университетінің оқу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

"Сонымен бірге, келісімде Қазақстанның жоғары оқу орындарында көзделген көлемде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін міндетті түрде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, оқу жоспарларында Қазақстан экономикасының ерекшеліктері ескерілген. Бірінші және екінші курстарда Қазақстанды жаңғыртудың өзекті мәселелері туралы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытылады. Қазақстан филиалының қызметіне мүлікті өтеусіз беру және білім гранттарын бөлу арқылы қатысады. Филиал мүлікті ешкімге бере алмайды, оның қызметі аяқталған жағдайда, мүлік Қазақстанға қайтарылады", – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, жыл сайынғы қабылдау жоспары 125 студент пен 40 магистрантты құрайды. Бүгінде филиалда 605 студент білім алады. Филиал жеке заңды тұлға болып есептелмейді, сондықтан Мәскеу унверситетінің лицензиялары мен аккредитациясы негізінде жұмыс істейді. Осыған байланысты келісімде филиалдың білім беру және қаржы-шаруашылық қызметін бақылау үшін ведомстволық комиссиясы көзделген. Филиал қызметі 3 жылда бір рет тексеріледі, сондай-ақ Қазақстан заңнамасында белгіленген өзге де тексерулер өткізуге болады.

Оқуды сәтті аяқтаған студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. 390 профессор мен оқытушының 130-ы бас университеттен тартылады. 14 жыл ішінде 1 725 маман даярланып шықты. Мониторинг нәтижелеріне қарағанда, соңғы 5 жылда түлектердің 93 пайызы Қазақстанда жұмысқа орналасты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, филиал түлектерінің міндетті түрде жұмыс өтеу қажеттігі келісімде бекітілген.

Талқылау барысында комитет мүшелері аталған заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына шығару туралы шешімді қабылдады.

Еске салсақ, 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалын ашу жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 9 қазанда РФ Президенті В.Путиннің Қазақстанға сапары кезінде филиалдың құрылуы туралы хаттамаға қол қойылды. Филиал осы уақытқа дейін Л.Н.Гумилев Еуразия ұлттық университетінің базасында қызмет етуде.