Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл

Астраханда Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды

6.09.2022

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылған Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері Астрахан мемлекеттік опера және балет театрында үлкен мерекелік концертпен басталды.

Кешті ашқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова алдағы іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан мен Ресейдің бауырлас халықтарын сан ғасырлық ортақ тарих, экономикалық, біртұтас мәдени-рухани кеңістік байланыстыратынын атап өтті.

Өз кезегінде губернатордың орынбасары – Астрахань облысы үкіметінің төрағасы Олег Князев екі елді жақын, одақтас, достық қарым-қатынастар біріктіретінін атап өтті. "Мәдениет саласындағы әріптестік тату көршілік қарым-қатынастарды құруда ерекше орын алатынына шын жүректен қуаныштымын",  деді ол.

Көрермендер Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің, домбыра шеберлері Секен Тұрысбеков, Батыржан Мықтыбаев пен Айгүл Үлкенбаеваның, "Астана Опера" театрының жетекші солисті Салтанат Ахметованың және басқа да елімізге танымал әртістер мен шығармашылық ұжымдардың өнерін зор ықыласпен қарсы алды.

Оған дейін Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының ашық алаңында қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концерті үлкен жетістікпен өтті.

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндерінің бағдарламасы 8 қыркүйекте Қазанда және 13 қыркүйекте Мәскеуде жалғасады.