Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев РФ Президенті В.Путинге сенім грамотасын тапсырды

5.12.2023

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге сенім грамотасын тапсырды. Салтанатты шара Үлкен Кремль сарайының Александр залында өтті.

Дәстүр бойынша Ресей басшысы өзекті халықаралық мәселелерге және елшілері сенім грамоталарын тапсырған мемлекеттермен қарым-қатынасқа арналған баяндама жасады.

Атап айтқанда, Владимир Путин Қазақстанмен одақтастық пен стратегиялық әріптестік екі елдің халықтарын байланыстыратын уақыт сынынан өткен тарихи, мәдени, туыстық байланыстарға негізделетінін атап өтті.

"Қарашада ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы іргелі шартқа қол қойылғанына 10 жыл толды. Осы Шартқа сәйкес біздің мемлекеттер барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуде. Өзара сауда рекордтық деңгейді көрсетуде. Гуманитарлық салада көптеген жобалар жүзеге асырылуда. ЕурАзЭҚ, ТМД және басқа да халықаралық платформалар аясындағы ынтымақтастық сындарлы түрде дамуда. Ресей Қазақстанның келесі жылы ҰҚШҰ мен ШЫҰ-да төраға қызметін атқаруына барынша ықпал ететін болады", – деді Ресей Президенті.

Владимир Путин жақында өткен Астанаға сапарының екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыттарын одан әрі дамытуға маңызды серпін бергенін атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты желтоқсанның соңында Санкт-Петербургте өтетін ЕурАзЭҚ және ТМД елдері басшыларының дәстүрлі кездесулерінде тағы да көретінін айтты.

Сенім грамоталарын барлығы 21 шет мемлекеттің елшілері тапсырды, оның ішінде Ұлыбритания, Германия, Түркия, Греция, Австралия, Швеция, Сингапур және т.б. бар. Рәсім олардың Ресейдегі дипломатиялық қызметінің ресми басталуын белгіледі.