Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Астрахан облысында болды

20.09.2023

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Астрахан облысына жұмыс сапарымен барды.

Облыс губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесуде өнеркәсіптік кооперация, инвестиция және логистика, кеме жасау және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Алдағы күзде Қостанайда өтетін ҚР мен РФ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында шекара маңындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Тараптар шекара маңындағы сауданың оң нәтижесін атап өтті. Өткен жылдың соңында тауар айналымы 50 пайызды құрады, ал бірінші жартыжылдықта ол өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсті.

Бұл ретте өзара ынтымақтастықты арттырудың мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, шекара маңындағы сауда орталығын құру жоспарлануда. Сауда байланыстары мен көлік инфрақұрылымын нығайтуға "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізінің дамуы да ықпал етеді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Өзара гастрольдік қызмет жүзеге асырылады. Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында қазақстандық орындаушылар Астрахан қаласында өткен "Каспий маусымдары – 2023" халықаралық классикалық өнер фестиваліне қатысты. Ал, Дәурен Абаев келген күні атыраулық Қ.Ахмадьяров атындағы "Нарын" халық аспаптары оркестрінің концертін тамашалап, Құрманғазы кесенесі мен оның атындағы өңірлік мәдени орталыққа барды. 2005 жылы ашылғаннан бері кешен жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған қажылар мен туристер келетін аймақтың маңызды туристік орнына айналды.

Елші атап өткендей, аймақтағы екінші үлкен этникалық топ және Ресейдегі ең үлкен қазақ қауымдастығына жататын жергілікті қазақтар Қазақстан мен Астрахан облысы арасындағы рухани көпір болып саналады. Ол жерлестерінің тарихи отанымен рухани байланысын нығайтып, тілі мен мәдениетін сақтауға, қазақ мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгілікке қалдыруға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығы мен тұрғындарына алғысын білдірді. Дәурен Абаевтың жергілікті қазақ қоғамдық бірлестіктері, оның ішінде "Жолдастық" өкілдерімен кездесуінде осы мәселелер басты назарда болды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың тағы бір саласы – білім беру саласы. Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Александр Неваленныймен әңгімелесу барысында Дәурен Абаев Қазақстан үшін мамандар дайындап жатқаны үшін алғысын білдірді. Елші аталған университеттің қазақстандық студенттерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Сапардың негізгі бағыты VIII Каспий медиа форумына қатысу болды. Дәурен Абаев ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде "Қоғамдық дипломатия және әлеуметтік медиа халықтарды жақындастырудың факторлары ретінде" форумының тақырыбын бұрынғыдан да өзекті деп атады. "Шын мәнінде, біз қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, біздің елдерімізде тұратын 250 миллион азамат арасындағы өзара түсіністік пен сенім ахуалын қалай нығайту керектігі туралы айтатын боламыз. Өйткені, тату көршілікті нығайту дипломаттар мен саясаткерлердің күш-жігеріне ғана емес, негізінен қарапайым халық, мәдени-ағарту, ғылым, іскер топтар мен орталар арасындағы қызу диалогқа негізделген", – деп атап өтті Елші. Ол ақпараттық ортаның сапасына ерекше назар аударуға және медиакеңістікте өзара сыйластық пен жауапкершілік қағидаттарында коммуникация мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Каспий медиа форумы аясында Дәурен Абаев Ресей Федерациясы цифрлық даму, коммуникациялар және БАҚ вице-министрі Белла Черкесовамен кездесті. БАҚ саласындағы ынтымақтастық және екі елдің БАҚ өкілдері арасында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, сапар барысында Дәурен Абаев "Гекса-Лотос" кәсіпорындарының, "Лотос" кеме жасау зауытының, "Белуга" балық өсіру компаниясының жұмыстарымен танысты.