Жаңалықтар

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Шығыс экономикалық форумына қатысып, Ресейдің Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарының басшылығымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

13.09.2023

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Владивосток қаласында өткен VIII Шығыс экономикалық форумына қатысты. Форум аясында Ресейдің бірқатар өңірлерінің басшылығымен және ресейлік ірі бизнес өкілдерімен кездесті.

Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаевпен келіссөздер барысында өңіраралық ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Соңғы жылдары тауар айналымының айтарлықтай өскені байқалады. Егер пандемияға дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш жылына 3-4 миллион доллардан аспаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 80 миллион доллардан асты.

Айсен Николаев Якутиядан отын-энергетикалық тауарлар, зергерлік бұйымдар, экологиялық таза азық-түлік экспортын ұлғайту, сондай-ақ Қазақстаннан түрлі жабдықтар мен азық-түлік импорттау арқылы бірлескен жұмысты жандандыру мүмкіндігіне назар аударды.

Өз кезегінде Дәурен Абаев білім беру саласындағы ынтымақтастықтың келешегін, атап айтқанда жоғары оқу орындарының студенттерімен алмасу бойынша тағылымдамаларды ұйымдастыру мүмкіндігін атап өтті.  

Айсен Николаевтың 2023 жылғы қаңтардағы Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша Саха (Якутия) Республикасының Үкіметі мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Өңірлер арасындағы меморандумды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарын келісу және оған қол қою жұмыстары жүргізілуде.

Приморье өлкесі Үкіметі төрағасының орынбасары Николай Стецкомен кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимылдың белсенді дамуы атап өтілді. 2022 жылы облыстың Қазақстанмен тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 11 есе өсіп, 339,9 млн долларды құрады. ТМД елдері жағдайында Приморье мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының үлесі 2022 жылдың аяғында 51% құрап, бірінші орынға шықты.

Қазақстан кәсіпкерлерінің Приморье өлкесінің порттарын Азия-Тынық мұхиты аймағы елдеріне өнім экспорттау, сондай-ақ Қытайдан және өңірдің басқа елдерінен Қазақстанға транзиттік жүктерді тасымалдау үшін пайдалану мәселелері талқыланды.

Тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын табу үшін іскерлік миссиялармен алмасуға назар аударды. Сондай-ақ Владивосток пен Астана арасында тікелей әуе рейсін ашу және Қиыр Шығыс университеттерінің Қазақстанда филиалдарын құру туралы да сөз болды.

Амур облысы Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Татьяна Половайкинамен кездесуде өзара бизнес-миссияларды ұйымдастыру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде ауыл шаруашылығы саласы ерекше атап өтілді.

Магадан облысының губернаторы Сергей Носовпен және Камчатка өлкесінің губернаторы Владимир Солодовпен келіссөздер барысында өнеркәсіптік кооперацияға ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ бұл аймақтардың туристік мүмкіндіктерін дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Еврей автономиялық облысының губернаторы Ростислав Голдштейнмен жеткізілетін тауарлар мен қызметтердің ауқымын кеңейту және іскер топтар арасында тікелей байланыс орнату мәселелері бойынша пікір алмасу болды. Қазақстанның көптеген аймақтары Еврей автономиялық облысымен машина жасау, металл өңдеу өнеркәсібі, ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, сондай-ақ жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында инвестициялық ынтымақтастыққа дайын.

Бурятия Республикасының павильонын аралау барысында Дәурен Абаев Улан-Удэ авиациялық зауытының тікұшақ үлгілерімен танысып, Байкал көлінің туристік әлеуеті туралы хабардар болды.

Магадан, Еврей автономиялық облыстары, Камчатка өлкесі, Газпромбанк, "Фэско" компаниялары, "Интер РАО-Экспорт", "СУЭК", Халықаралық даму корпорациясы, Владивосток теңіз сауда порты компанияларының басшылығымен ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, 2022 жылы Владивосток теңіз сауда порты арқылы Қазақстанға транзитпен жөнелтілетін тауарлардың саны өткен жылмен салыстырғанда 43% өсті.

Сондай-ақ, "День сокола" Бірінші халықаралық форумы аясында Қазақстан гирфолькон популяциясын сақтау ниетінің негіздемелік декларациясына қосылды.

Келіссөздер нәтижесінде өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, іскерлік байланыстарды нығайту жоспарлары белгіленді. Сондай-ақ, кездесулер барысында Дәурен Абаев Якутия, Приморье өлкесі, Амур және Магадан облыстарының басшыларын 10 қыркүйекте өткен губернатор сайлауындағы жеңісімен құттықтады.