Қазақстан РеспубликасыныңРесей Федерациясындағы Елшілігі

«Қазір барлық күш-жігерді халықаралық қатынастарда үнқатысуды, өзара түсіністікті және сенімді қалпына келтіруге жұмылдыру керек»

Н.Ә Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

На главную [RUS]

Байқоңыр

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында инновациялық өндірістерді дамыту міндетін жүктеді.

Әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш кешенінің Қазақстан топырағында орналасуы елімізге бірегей бәсекелестік артықшылық беріп қана қоймай, ғаламдағы жетекші ғарыш державаларының қатарынан орын алуға мүмкіндік береді.

 «Байқоңыр» кешенін аумағында келесі нысандар орналасқан:

  • «Протон», «Союз», «Зенит» және «Днепр» ғарыш зымыран кешендері;
  • ғарыш байланысын жерден басқару жүйесі;
  • Жерді қашықтықтан барлау спутниктерінен ғарыштық ақпаратты қабылдайтын үш орталықтан тұратын Ұлттық ғарыш мониторингi жүйесiнің негізгі элементтері;
  • ғарыш сәулелері станцияларын, ғылыми зертханаларды, астрономиялық обсерваторияларды қамтитын ғылыми-технологиялық инфрақұрылымның негізгі элементтері.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ғарыш қызметтерінің түрлеріне, атап айтсақ, ғарыштық байланыс жүйесі қызметі мен жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесіне үлкен сұраныс туып отыр.

Қазақстанның ғарыш саласындағы басты міндеті - елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуына ықпал ететін, ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты нығайтатын және ғылым мен жоғары технологияларды дамытуға  әсер ететін экономиканың ғылыми әрі жоғары технологиялық секторларының бірі ретінде толыққанды ғарыш саласын құру.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті (Қазғарыш) бірқатар жобаларды жүзеге асыруда:

1) «KazSat» спутниктік байланыс ұлттық жүйесін құру;

2) Жерді қашықтықтан барлау ғарыш жүйесін құру;

3) ғарыштық аппараттардың құрастыру-сынау кешенін құру;

4) ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін құру;

5) жоғарыдәлдіктегі спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру;

6) «Байқоңыр» ғарыш айлағында экологиялық қауіпсіз «Бәйтерек» ғарыштық ракеталық кешенін құру;

7) «Днепр» зымыран тасығышын коммерциялық пайдалануына қатысу.

Қазақстанда орналасқан «Байқоңыр» кешенін Ресей жалға алады. 2004 жылы кешенді жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. 2004 және 2005 жылдары екітараптық үкіметаралық келісімге қол қою арқылы «Байқоңыр» ғарыш айлағында Қазақстандық «Бәйтерек» ғарыш ракеталық кешенін  құру көзделді. «Байқоңыр» кешенінде Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдаланудың Жол картасын басшылыққа алады.

Қазақстанның ғарыштық саласын қалыптастыру мен ғарыш саласындағы жобаларды жүзеге асыру еліміздің ғылыми-зерттеу қабілеті мен кадрлық әлеуетінің дамуынсыз елестету мүмкін емес. Осыған байланысты құрамына Ионосфера институты, В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институты, У.М.Сұлтанғазин атындағы Ғарыштық зерттеулер институты және  Ғарыштық техника және технологиялар институты шоғырланған арнайы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы құрылды.

Қазақстан ғарышының толайым табыстары мен оның әлемдік ғарыш нарығымен ықпалдасуы халықаралық байланыстардың нәтижелілігі және  әмбебаптығына тікелей байланысты.  Сондықтан, Қазақстан осы салада жетекші орын алатын агенттіктермен, компаниялармен және Ресей, Беларусь, Украина, Израиль, Франция, Қытай, Үндістан, Жапония, Германия, Корея Республикасы, БАӘ, Сауд Арабиясы, Тайланд, Ұлыбритания, Швеция, Нидерланды сынды елдермен ынтымақтастықты дамытуда.

Мемлекеттік органдар

Пайдалы сілтемелер