Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы

Қазақстанның ШЫҰ төрағалығымен өңірлік көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды

1.02.2024

Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілер кеңесінің отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінің басты мәселелері саясат және қауіпсіздік, сауда және экономика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі бірлескен шешімдерді әзірлеу болды.

Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі 2024 жылы ШЫҰ-ның негізгі іс-шараларын Қазақстанның төрағалығымен дайындау және өткізу туралы хабардар етті.

Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ-ның стратегиялық даму бойынша құжаттарын келісу, сондай-ақ ағымдағы өңірлік және халықаралық проблемаларды реттеу бойынша ұсыныстарды әзірлеу жалғастырылды. ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясы жобасын және "Әділетті ғалам мен келісім үшін әлем бірлігі туралы" ШЫҰ-ның бастамасын пысықтауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Ұлттық үйлестірушілер Ұйым қызметін жетілдіру, нормативтік-құқықтық базаны нығайту, ШЫҰ-ның басқа да халықаралық және өңірлік бірлестіктермен ынтымақтастығын кеңейту бойынша бірқатар практикалық ұсыныстарды қарастырды.