Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Бақаев ШЫҰ Бас хатшысы Чжаң Миңмен кездесті

21.11.2023

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев ҚХР-ға жұмыс сапары барысында Шаңхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжаң Миңмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Ұйым шеңберіндегі көпжақты өзара іс-қимыл мәселелерін және ШЫҰ-ға қазақстандық төрағалықтың 2023-2024 жылдарға арналған басымдықтарын талқылады, сондай-ақ Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар, тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасып, қазақстандық төрағалық шеңберінде 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған іс-шаралар жоспарын қарастырды.

Ә.Бақаев ұйымға төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап жоспарлаған іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткені үшін Бас хатшыға өзінің алғысын білдірді. Қазақстандық дипломат Қазақстан ШЫҰ төрағасы лауазымында оның беделін одан әрі нығайтуға және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымды жаңғырту және оны одан әрі неғұрлым тиімді көпжақты алаңға айналдыру мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

Өз кезегінде Чжаң Миң қазақстандық төрағалыққа жоғары баға бере отырып, қазіргі уақытта хатшылық қызметіндегі басым бағыт Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде жоспарланған іс-шараларды табысты өткізуді қамтамасыз ету болып табылатынын мәлімдеді.