Жаңалықтар

«ХасСақ» ансамблі World Folk Vision байқауының жүлдесін иеленді

10.01.2019

Қазақстандық «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі Ресейдің Сочи қаласында өткен «World Folk Vision» музыкалық байқауында жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сүйінші, Гран при!!! Ресейде өткен «World folk vision» әлемдік фольк музыка сайысының жартылай финалында өз номинациямыз бойынша ең жоғарғы І орын алып, 141 қатысушының ішінен суырылып бас жүлде қанжығаладық. Сонымен қатар, Сауд Арабиясында өтетін финалдық кезеңге берілетін 3 жолдаманың бірін иелендік! Бұйырса әлемнің 80 (мүмкін одан да көп) елімен жарысып, қазақтың өнерін көрсетеміз», - деп жазды Ержан Жаменкеев (ансамбль қатысушысы) өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Айта кетейік, «World folk vision» әлемдегі ең танымал фольк музыкалық фестивалі жыл сайын өткізіледі. Байқаудың ширек финалы әлемнің әр жерінде өткізіледі. 2018 жылғы финалдық бәсеке Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында ұйымдастырылады.