Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл

Қазақстан мен Татарстан: табысты ынтымақтастықтың үлгісі

12.09.2022

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаевтың Қазан қаласына жұмыс сапары өтті.

Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшинмен кездесу барысында ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық байланыстардың жақсы қарқыны, мұнай-химия және машина жасау салаларындағы бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны, мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюы атап өтілді. Ынтымақтастықтың осындац қарқынын одан әрі дамыту үшін жақсы мүмкіндіктер бар екені баса айтылды. Ресей Федерациясының ең серпінді дамып келе жатқан субъектілерінің бірі ретінде Татарстан көп қырлы Қазақстан-Ресей қатынастарында ерекше орын алады. Фарид Мұхаметшин Татарстан Президентінің тапсырмасымен осы аптаның соңында Абай облысында өтетін Бірінші халықаралық Ертіс сабантойына қатысатынын хабарлады.

Қазақстан мен Татарстан мұсылмандары діни басқармаларының өзара іс-қимыл мәселелері мүфти, Татарстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының басшысы Камил Хазрет Самигуллинмен талқыланды. Теологиялық білім беру және рухани-ағартушылық қызмет саласында кадрлар даярлаудың маңыздылығы атап өтілді. Жас ұрпақты дәстүрлі рухани-адамгершілік, мәдени-тарихи құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі Қазан және Татарстан митрополиті Кириллмен әңгіменің басты тақырыбы болды. Митрополит форумға Орыс православ шіркеуінің ресми делегациясы құрамында қатысатынын айтты. Тараптар дінаралық диалог, тату көршілік және өзара құрмет қағидаттарын қолдау және орнату бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін атап өтті.

Сапар соңында Ермек Көшербаев екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері аясындағы гала-концертті тамашалады. Мұса Жалил атындағы Татар академиялық мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, домбыра шеберлері Секен Тұрысбеков, Батыржан Мықтыбаев және Айгүл Үлкенбаева, "Астана Опера" театрының жетекші солисті Салтанат Ахметова және т.б. және Қазақстанның шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Концерт басталар алдында театр фойесінде Елабуга мемлекеттік тарихи-сәулет және көркем мұражай-қорығының қорынан қазақстандық суретшілердің сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі мәдени күндері аясында Қазан қаласында қазақ фильмдері көрсетілді. Олардың ішінде Қазақстан мен Татарстанның продюсерлері, актерлері, сценаристері, режиссерлерінен құралған шығармашылық тобының алғашқы бірлескен жұмысына айналған "Тарлан" картинасы ерекше көзге түседі.