Жаңалықтар

Қазақстан Якутиямен байланысты арттыруда

23.11.2022

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаевтың Саха Республикасына (Якутия) жұмыс сапары өтті.

Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаевпен кездесу барысында ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша кең ауқымды мәселелер, оның ішінде маусым айындағы Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумындағы келіссөздер кезінде қол жеткізілген уағдаластықтар талқыланды.

2022 жылдың 9 айында Қазақстан мен Якутия аймақтары арасындағы тауар айналымы 78 миллион АҚШ долларды құрап, 2021 жылмен салыстырғанда елу есеге артты. Кездесуге қатысушылар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін мол мүмкіндіктер бар екенін айтты. Қазақстан Якутияға ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік, химия өнімдері мен металдарды экспорттауға дайын. Өз кезегінде Якутия зергерлік бұйымдардың, цифрлық жобалардың және сирек кездесетін металдардың негізгі жеткізушісі бола алады. 

Геологиялық зерттеу саласындағы белсенділік өзара қызығушылық тудырады. Оған "Қазгеология" АҚ мен "Росгеология" АҚ арасында 2021 жылдың сәуір айында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум негіз бола алады. Сондай-ақ, жақын арада Якутия мен Солтүстік Қазақстан облысы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарлануда.

Тараптар өңіраралық байланыстар шеңберінде, атап айтқанда, инвестиция және өнеркәсіптік кооперация саласында неғұрлым тиімді бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дәйекті түрде дамытуға келісті.

Сапар барысында Ермек Көшербаев Ресей Федерациясының Қиыр Шығыс пен Арктиканы дамыту министрі Алексей Чекунковпен кездесіп, Қиыр Шығыс пен Қазақстан Республикасының ынтымақтастығының тиімді бағыттарын, сондай-ақ, Солтүстік теңіз жолын пайдалану әлеуетін талқылады.

Елші Якутск қаласының ІТ-паркіндегі инновациялық жобалармен танысып, қазақстандық IT-мамандардың тәжірибе алмасуына қызығушылық танытты. Атап айтқанда, "Сайберия" компаниясы дәрігерлерге ауруларды диагностикалаудың дәлдігін арттыруға және күнделікті шараларды автоматтандыруға мүмкіндік беретін серпінді бағдарламалық-диагностикалық кешен әзірледі. Жақында компания Қазақстанда өз жқмысын бастады. 

Сапар соңында Ермек Көшербаев "Саха Республикасының (Якутия) қазынасы" көрмесін, М.К.Аммосов атындағы Солтүстік-Шығыс федералдық университетінің археология, этнография мұражайын,  П.А.Лазарев атындағы мамонт мұражайын аралады.