Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресей ғылыми-техникалық анимацияны дамытуда күш біріктіруде

20.06.2022

Бүгін «Нұр-Сұлтан – Мәскеу: ғылыми-техникалық анимация саласындағы ынтымақтастық» атты телекөпір өтті.

Шара барысында «МультПром» Халықаралық ғылыми-техникалық анимация байқауының қорытындысы шығарылды, оның лауреаты шымкенттік «Алақай» балалар анимациялық студиясының оқушысы Юлия Шелегедина болды. Өзінің бейнежазбасында электр желілерінің жұмысының негізгі принциптерімен таныстырsg, оларды мақсаты, көлемі және ток түрі бойынша нақты жіктеді.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, кез келген мемлекеттің табысты болашағының кепілі өскелең ұрпаққа байланысты, олардың үйлесімді адамгершілік, интеллектуалдық, кәсіби және тұлғалық дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл біздің еліміздің қызметіндегі басымдық болып табылатын маңызды мемлекеттік міндет.

Өз кезегінде Ресейдің Қазақстандағы Елшісі Алексей Бородавкин мұндай байқаулар біздің елдер арасындағы тығыз қарым-қатынас пен интеграциялық байланыстардың деңгейін айқын көрсететінін және бұл ерекше байланыстардың тіні біздің өскелең ұрпақтар арасындағы диалогқа сәйкес келетінін атап өтті.

Байқаудың серіктесі Мәскеу кәсіпкерлер қауымдастығы телекөпір барысында Юлияға күрделі графикалық бағдарламаларда жұмыс істеуге және жоғары деңгейдегі анимациялық фильмдер жасауға мүмкіндік беретін жеке компьютер сыйлады. Юлиямен бірге оның тәлімгері, «Алақай» студиясының жетекшісі, Мақсұт Жәрімбетов те марапатталды.

Сыйлықты Мәскеу кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Андрей Поденок бейнебайланыс арқылы табыс етті. Ол Юлия мен «Алақай» студиясының жұмысы жастарды кәсіптік бағдарлауда өте маңызды рөл атқаратынын, оған технологиялық кәсіпкерліктің мүмкіндігін ашатынын атап өтті.

«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Экономикалық интеграция департаментінің басқарушы директоры Әлнұр Дәнішев оның идеясын қолдап, өндірістік анимация балалардың бейнелі ойлауына көмектесетінін айтты.

Нұр-Сұлтанда компьютерді тікелей табыстаған Ресейдің Қазақстандағы Сауда өкілі Андрей Бабко болашақта елдеріміз арасындағы берік байланыстарды жастар құрайтынын баса айтты.

Өз кезегінде Юлия Шелегедина телекөпірге қатысушыларға жылы лебіздері үшін алғысын білдірсе, оның тәлімгері Мақсұт Жәрімбетов шәкіртінің жеңісі «Алақай» студиясының барша оқушылары  үшін жаңа анимациялық фильмдерді, әсіресе, өнеркәсіптік фильмдер түсіруге үлкен ынталандыру болғанын атап өтті.

Телекөпірдің маңызды нәтижесі Қазақстан мен Ресей балалары белсенді қатысатын «МультПром – 2022» халықаралық байқауының жаңа кезеңінің басталғаны туралы хабарлама болды.

 

 

Анықтама үшін: MultProm байқауы «От Винта!» фестивальі жүзеге асыратын Ресей Федерациясының Индустрия және сауда министрлігінің қолдауымен Халықаралық ғылыми-техникалық қозғалыстың үлкен бағдарламасының бөлігі болып табылады. «МультПромның» негізгі міндеттері қарапайым және түсінікті анимациялық тілде өнеркәсіп пен ғылымның жетістіктерін баяндау, жас инженерлер мен дизайнерлердің тұжырымдамаларын, идеяларын, әзірлемелерін жариялау, сондай-ақ жастар арасында өндірістік әлеуетті насихаттау болып табылады.