Жаңалықтар

Тайыр Мансұров "Достық" орденімен марапатталды

30.12.2021

Бүгін Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев Еуразиялық даму орталығының бас директоры, саяси ғылымдар докторы Тайыр Мансұровқа 1-дәрежелі "Достық" орденін табыс етті.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Тайыр Мансұров "мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі және елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін" жоғары наградаға ие болды.

Тайыр Мансұров Қазақстан басшылығына жоғары наградасы үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестігінің негізі қаланған жылдарда айтулы оқиғаларға қатысқаны үшін мақтаныш пен шабыттанғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ жас дипломаттармен өз тәжірибесімен бөлісіп, өзінің "Преемственность, вызовы и интриги власти. Казахстан и мировые лидеры. Мировая история передачи власти и казахстанский опыт" кітабын сыйға тартты. Әңгіме соңында Тайыр Мансұров қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, елімізге тыныштық пен береке тіледі.

"Достық" ордені – қоғамдағы өзара келісімді сақтаудағы жемісті еңбегі, бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы қызметі үшін марапатталатын Қазақстан Республикасының жоғары наградаларының бірі.