Жаңалықтар

Қазақстандық делегацияның Башқұртстанға сапары өтті

12.10.2021

2021 жылдың 10-12 қазанында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бастаған қазақстандық делегация Башқұртстанға іс-сапармен келді. Қазақстан делегациясының құрамына Батыс Қазақстан облысының Әкімі Ғали Есқалиев, мемлекеттік органдардың, ғылыми, іскер топтардың өкілдері және т. б. кірді.

Сапар барысында делегация Башқұртстан басшысы Радий Хабировпен, премьер-министр Андрей Назаровпен, табиғатты пайдалану және экология министрі Орал Искандаровпен, Уфа қаласының мэрі Сергей Грековпен, ірі коммерциялық компаниялардың басшыларымен және т.б. кездесулер мен келіссөздерге қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар Радий Хабировтың Қазақстанға жақындағы сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды талқылауды жалғастырды.

Сонымен қатар, делегация Башқұртстанды басқару орталығы жұмысының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Республиканың даму корпорациясының, Стратегиялық әзірлемелер орталығының және ситуациялық антиковидтік орталықтың қызметімен танысты.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету мәселелері талқыланды.

Аталған тақырып БҚО экспорттық және инвестициялық әлеуетінің тұсаукесерімен және Қазақстан мен Башқұртстан кәсіпорындарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу барысында өзінің мазмұнды жалғасын тапты.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Башқұртстан Республикасының ынтымақтастығын дамыту жөніндегі Жол картасына, Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрлігі мен Башқұртстан Республикасының басшысы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың трансшекаралық орталықтарын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, Орал және Стерлитамак қалалары арасындағы Жол картасына қол қойылды.