Жаңалықтар

Қазақстан мен Башқұртстан Сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын құру туралы меморандумға қол қойды

12.10.2021

2021 жылғы 11 қазанда Башқұртстан Республикасын Басқару орталығында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов аймақ басшысы Радий Хабировпен кездесті.

Кездесу барысында Башқұртстан мен Қазақстан өңірлері арасындағы екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері, атап айтқанда, "Еуразиялық экономикалық орталық" кешенді инвестициялық жобасының перспективалары талқыланды.

"Бірлескен жұмыстың жақсы қарқынын атап өткім келеді. Бүгін біз ынтымақтастық туралы үш құжатқа қол қойдық. Біздің делегация құрамына жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүдделі бизнес өкілдері кірді. Елдер, өңірлер мен кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік және сауда кооперациясын дамытатын боламыз",  деді Қазақстанның сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Осылайша, Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және Башқұртстан Үкіметі сауда-экономикалық ынтымақтастық орталықтарын құру және дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға, Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы 2022-2024 ЖЫЛДАРҒА және Орал мен Стерлитамак қалалары арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол карталарына қол қойды.

Құжаттар сауда-экономикалық, инновациялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған.

11 қазанда Башқұртстан Республика күнін атап өтеді. Осыған байланысты, сапар аясында Бақыт Сұлтанов Салават Юлаев пен ақын, көрнекті қоғам қайраткері Шайхзаде Бабичтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсіміне қатысты.