Жаңалықтар

Жеңіс мұражайындағы кездесу

5.05.2021

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев Мәскеудегі Жеңіс мұражайында болды.

Экспозицияларды қарау және мұражай басшылығымен әңгіме барысында дипломат Ұлы Отан соғысы туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазір, жыл өткен сайын сол оқиғалардың куәгерлері азайып бара жатқанда, оларды лайықты есте сақтау және жас ұрпақты ортақ тарихқа құрметпен қарау рухында тәрбиелеу және олардың ата-бабалары қандай сынақтарды бастан өткергендігін, неге олар төтеп бере алғанын және жеңіске қалай жеткенін, олардың бүкіл әлемді таңдандырған нағыз темірдей беріктігі қайдан пайда болғанын түсіндіру басты міндет болып саналады.

Кездесу барысында бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, одан әрі өзара іс-қимыл жасау және "Лица Победы" жобасын қазақстандық соғысқа қатысушылар мен олардың отбасылары туралы мәліметтермен толықтыру бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Тілек білдірген кез келген қазақстандық Ұлы Отан соғысына қатысқан өз туыстары мен жақындары туралы мәліметтерді, фотосуреттер, естеліктер, құжаттардың көшірмелерін жібере алады. Материалдарды ресімдеу нұсқаулығын мына сілтеме бойынша көруге болады

Анықтама үшін:

Жеңіс мұражайы – Ұлы Отан соғысы және екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбындағы Ресейдің басты әскери-тарихи мұражайы, әлемдегі ең ірі әскери-тарихи мұражайлардың бірі, бүкілресейлік ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы.

Мұражай құру идеясын алғаш рет аты аңызға айналған кеңес қолбасшысы Георгий Жуков білдірді. Оның құрылысы 1985 жылы басталды. Музейдің ресми ашылуы 1995 жылы 9 мамырда – Жеңістің 50 жылдығы күні өтті. Салтанатты шараға 55 мемлекеттен делегациялар қатысты.

Көрменің жалпы ауданы 110 000 шаршы метрден асады. Мұражай қорына 300000-ға жуық құнды заттар кіреді. Ашық алаңда Еуропадағы ең ірі әскери техникалардың жиынтығы (400-ден астам экспонат) орналасқан.

Поклонная тауындағы Жеңіс мұражайының Даңқ залында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктері үшін осы құрметті атаққа ие болған Кеңес Одағының 68 халқының өкілдерінің 11 800-ден астам Кеңес Одағы Батырларының есімдері 72 ақ мәрмәр пилонға жазылған. Олардың арасында біздің отандастарымыз: Жабарқан Асаинов, Қарсыбай Спатаев, Төлеген Тоқтаров және басқалары бар.

Фотогалерея