Жаңалықтар

ҚР-ның РФ-дағы Елшілігінің дипломаттары Мәскеудегі Б.Момышұлы атындағы мектепте болды

3.03.2021

Бүгін Елші Ермек Көшербаев бастаған Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің делегациясы Мәскеудің Зеленоград әкімшілік ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №1912 орта мектепте болды.

Еске алу рәсімі кезінде дипломаттар мектеп ауласында орнатылған батырдың бюстіне гүл шоқтарын қойып, Момышұлы мен аты аңызға айналған Панфилов дивизиясына арналған мектеп мұражайының экспозициясымен танысты.

Оқытушылармен және оқушылармен кездесуде Ермек Көшербаев қазақ батырының есімін есте сақтағаны үшін ризашылығын білдіріп, бүгінгі бейбіт өмірге қандай қиындықпен келгенімізді ұмытпауға шақырды. Сонымен қатар, жас ұрпақты елдің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын қиған ерлердің ерлігі мен адалдығы үлгілері бойынша тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде мектеп директоры Андрей Курсаков қазақстандық әріптестерімен соғыс батырларының есімін мәңгі есте қалдырудағы бірлескен жұмыстары туралы айтып берді. Атап айтқанда, жақында Момышұлының 110 жылдығына орай тәжірибе және материалдар алмасу бойынша онлайн-конференция өтті. Сонымен қатар, мектеп музейінің экспозициясын цифрландыру және жыл соңында қазақстандық мектептермен телекөпір ұйымдастырып, Мәскеу үшін болған шайқастың 80 жылдығын кеңінен атап өту жоспарланып отыр.

8-сынып оқушысы Евгений Воробьевтің айтуынша, мектеп музейіне, Момышұлының өмірі мен қызметі туралы семинарларға тек өз оқушылары ғана емес, сонымен қатар жақын маңдағы мектептердің оқушылары да қатысады, ал өткен жылдың қараша айында Батырдың шайқастарының бағыттары бойынша экскурсия жасалды. "Мен Момышұлының жеке басына тәнтімін, ол көрнекті әскери және қоғам қайраткері болды. Оның әйгілі "Момышұлы спиралы" ұрыс тактикасына тек кеңес қолбасшысы Константин Рокоссовский ғана емес, сонымен бірге неміс генералы Эрих Гепнер де жоғары баға берді", – деді Евгений Воробьев.

Анықтама үшін:

Мәскеу қаласындағы Зеленоград округіндегі №1912 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен батырдың 100 жылдығын мерекелеу аясында ҚР РФ Елшілігінің қолдаухаты бойынша берілді. Дәл осы мектепті таңдау Крюково кентінің маңында 1941 жылы Мәскеуді қорғау кезінде қанды шайқастар болғандығымен байланысты, онда құрамында Момышұлы соғысқан Панфилов дивизиясының жауынгерлері өшпес ерлік жасады. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің көмегімен Момышұлы атындағы мектеп музейі құрылды, оның қола бюсті де осында орнатылды.