Жаңалықтар

Қазақстандық және ресейлік сарапшылар екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін талқылады

25.11.2020

Бүгін Ресейдегі Қазақстаның Елшілігі ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ-мен бірлестікте "Қазақстан және Ресей қарым-қатынастарының күн тәртібі екі ел сарапшыларының назарында" атты дөңгелек үстел өткізді.

Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Уәкілетті Елшісі Ермек Көшербаев дөңгелек үстел қатысушыларының алдында сөз сөйлеп, былай деп ерекше атап өтті: "Біздің елдеріміздің арасында қол жеткен саяси сенім дәрежесі екіжақты қарым-қатынастардың таяудағы келешекте ғана емес, сонымен қатар стратегиялық перспективада да орасан зор әлеуеті бар екенін дәлелдейді.  Біз "екінші жол" деп атайтын, сарапшылардың тарапынан болатын өзара іс-әрекет дипломатиялық іс-тәжірибенің дамуында барған сайын маңызды орын алып келеді, жаңа креативті, жоғары технологиялық тәсілдемелер табуға мүмкіндік береді. Қазіргі заман жағдайларында жаһандық саясатта ғана емес, сонымен қатар қоғамда өтіп жатқан өзгерістерді де зерделеу керек, бұл өзгерістердің қанша сәйкестіктері бар екенін, олардың немен өзгешеленетінін, бұның екіжақты қарым-қатынастардың келешегінде қандай көрініс табатынын білу қажет".

Өз кезегінде, ҚСЗИ директоры Зарема Шаукенова өзінің қошеметтеу сөзінде: "Халықаралық күн тәртібінің өзгерістері мен болжамсыздығы кідіріссіз өсуде. Біздің көз алдымызда әлемдік саясат пен экономикада бір "қара аққудан" кейін екіншісі пайда болуда. Коронавирус пандемиясы, сауда соғыстары, энергетикалық нарықтардағы бағаның тұрақсыздығы, біздің ең жақын шебімізде "ұйқыдағы" шиеленістердің жандануы мен жаңа қақтығыстардың шығуы – бұл біздің қазіргі объективті шынайылығымыз. Қазақстан мен Ресей берік және сенімді екіжақты қарым-қатынастармен байланысқан және қауіпсіздіктің бүіртұтас архитектурасы шеңберінде өмір сүріп отырған аса жақын одақтастар ретінде, осынау күрделі жағдайларда жаңа сын-тегеуріндерге бірыңғай тәсілдемелер жасап шығарулары тиіс", – деді.

ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ны реформалау шеңберінде посткеңестік кеңістіктегі, "ыстық" фазаға көшкен нақты шиеленістерден бастап, ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне дейінгі қауіпсіздік күн тәртібі талқылауда жеке орын алды.

Іс-шараға Ресей және Қазақстан  бойынша беделді мамандар мен Орталық Азия және Қазақстан проблемаларымен айналысатын РФ сарапшылары: Ресей СІМ ММХҚИ жанындағы Халықаралық қатынастар институтының бас ғылыми қызметкері Андрей Казанцев, Қазақ-Неміс Университетінің жанындағы Халықаралық және өңірлік ынтымақтастық зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов, РСЗИ Зерттеулерді үйлестіру орталығының аға ғылыми қызметкері Иван Ипполитов, Азиялық зерттеулер институтының директоры, "Центр Азии" журналының бас редакторы Сұлтан Әкімбеков, РҒА ӘЭХҚИ Посткеңестік зерттеулер институтының қызметкері Станислав Притчин, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Мұрат Лаумулин қатысты.

"Қазақстан және Ресей қарым-қатынастарының күн тәртібі екі ел сарапшыларының назарында" дөңгелек үстелі екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл шеңберінде ҚР мен РФ басымдықтарын сарапшылық деңгейде айқындауға мүмкіндік берді.