Жаңалықтар

Мәскеуде Ресей жазушыларымен кездесулер жалғасуда

17.11.2020

Бүгін Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев орыс әдеби қауымдастығы өкілдерімен кездесулерін жалғастырды. Бұл жолы белгілі ресейлік жазушы және журналист Владимир Снегирев елшіліктің қонағы болды.

Кездесу барысында бірлескен мәдени-гуманитарлық жобалар мен оларды жүзеге асыру жоспарлары талқыланды. Атап айтқанда, жуырда Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары мен мамандары қатысқан Абайдың 175-жылдығы мен Әл-Фарабидің 1150-жылдығына арналған дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылу деңгейіне және мазмұнына жоғары баға берілді.

Сонымен бірге мәдени диалогты жандандыру қажеттілігі айтылды. Осыған байланысты оқырман қауымды қызықтыруы мүмкін Қазақстан мен Ресей жазушыларының тұрақты кездесулерін жандандыру идеясы айтылды. Екі елдің әдеби көркем туындылары оқырмандарды Қазақстан мен Ресейдің көрнекті авторларының шығармашылығымен таныстыра алатынына сенім мол.

Кездесу барысында Владимир Снегирев әйгілі "ЖЗЛ: Биография продолжается…" сериясындағы Олжас Сүлейменов туралы өзінің су жаңа кітабының көшірмелерін сыйға тартты. Бұл қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, дипломаты және қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылық жолына арналған алғашқы толыққанды өмірбаяндық зерттеу.