Жаңалықтар

Мәскеуде ресейлік сарапшылар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын талқылады

2.09.2020

Бүгін Мәскеуде "Аргументы и факты" баспа үйінің баспасөз орталығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті.

Кездесуді аша отырып, Ресейдегі Қазақстан Елшісі Ермек Көшербаев былтырғы Жолдаудан кейін өткен кезеңде Қазақстанда және әлемде түбегейлі өзгерістер орын алғандығын атап өтті. Оқиғалар тізбегінің қалыпты барысына пандемия елеулі түзетулер енгізді. Жолдаудың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" деп аталуы кездейсоқ емес, бұл елдің келешегі үшін түйінді шешімдер қабылданатын уақыттың келіп жеткенін білдіреді.

РҒА Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы профессор Дина Аманжолова Жолдаудың ел тіршілігіндегі аса маңызды аспектілерді қозғайтынын атап өтті: мұнда барлығы да – мемлекет және демография, жер аумағы және экономика, білім беру және медицина өзара байланыста. "Құжат келешекке бағдарланған. Қазақстанда отансүйгіш жастар өте көп, олар алдағы түрленулердің белсенді бөлігі болулары тиіс. Бұл тұрғыдан Жолдауда керекті бағытта дұрыс серпіліс алу нүктелері көрсетілген", – деп атап өтті ғалым.

Саясаткер, NPR Group консалтинг агенттігінің директоры Дмитрий Фетисов Жолдауды жарқын, ерекше және батыл деп атады. "Президент Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыру тұрғысынан теріс қабылдануы мүмкін көптеген жайсыз нәрселер: сыбайлас жемқорлық, адам саудасы туралы айтуға қорықпайды", – деп атап өтті сарапшы. Оның пікірінше, мұндай тәсілдеме өте маңызды. "Егер сен мұндай нәрселер туралы айтуадан қорықпайтын болсаң, егер сен шешім ұсынсаң, яғни бұл проблемалардың шешілетініне нық сенімнің бар болғаны", – деп түйіндеді Фетисов.

Ресей Халықтар Достығы Университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі Кеңесшісі Нұр Қирабаев Жолдауды пандемияның салдарына жауап деп санайды. "Ковидтен кейінгі кезең басқаша болады. Бұл мемлекеттік басқару технологиясына, білім беруге, экономикалық дамуға қатысты", – деп атап өтті ол. Жолдауда қозғалған құқық қорғау жүйесін реформалау, адамның, балалардың және әйелдердің құқықтарын қорғау мәселелері, экология проблемалары елдің даму векторының дұрыс таңдалғандығы туралы сенімен айтуға мүмкіндік береді: реперлік нүктелерді тауып, Қазақстан қай жаққа қарай ертерек қозғалыс жасау керек екенін біледі.

Доцент, Қаржы университетінің саясаттану және бұқаралық байланыстар департаментінің оқытушысы Леонид Крутаков онымен келісті. Оның пікірінше, Жолдаудың түйінді мезеті адам туралы қамқорлық болып табылады. "Мемлекет көрсететін қызметтердің басты тапсырыс берушісі мен түпкілікті тұтынушысы шенеуніктер емес, тек халық қана болып табылады. Тек халық қана мемлекеттік аппараттың жұмысына баға бере алады. Бұлай болмаған жағдайда, нәтиже үшін жауапкершілік жоқ болғанда, жазасыздық пен жүгенсіздік орын алады", – деп атап өтті ол. Осыған байланысты, сарапшы көптеген көрсеткіштер мен индикаторлар бар мемлекеттік бағдарламалар дайындауды тоқтатып, бүкіл азаматтарға түсінікті қысқа ұлттық жобалар форматына көшетін кездің келгендігі туралы Жолдауда айтылған ойды өте маңызды деп атады.

Сонымен қатар дөңгелек үстелге ТМД елдері нститутының Орталық Азия және Қазақстан бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозин, тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Кадырбаев, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Талғат Мықтыбаев, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Ақпараттық-талдамалық орталығының директоры Дарья Чижова, "Astana Times" онлайн-газетінің бас редакторы Александр Панкин қатысты.

Кездесуді қорытындылай келе, оған қатысушылар: бастысы – биылғы жолдаудың іс-қимылға басшылық болып табылатындығы деп атап өтті. Сарапшылар экономиканы және әлеуметтік саланы дамыту, мемлекеттік басқару құрылымдарына түзету енгізу – олар Жолдауда белгіленгендіктен – азаматтардың өмір сүруін жақсартуға ықпал етуі тиіс деген пікірге келіп тоқтады.